Астана газға басымдық беруде: Минэнерго журналистерге елорданың стратегиялық энергия нысандарын таныстырды

Астана газға басымдық беруде: Минэнерго журналистерге елорданың стратегиялық энергия нысандарын таныстырды

Астана, 2025 жылғы 3 желтоқсан – ҚР Энергетика министрлігі республикалық бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, елорданың тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі энергия нысандарының жұмысын көрсетті. Шара барысында тілшілер Астананың жылыту маусымын өткізу барысымен танысып, ЖЭО-2 және жаңа «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасында болды.
Турдың бірінші нысаны – 1979 жылдан бері қаланың басты энергия орталықтарының бірі болып саналатын ЖЭО-2. Пиктік жүктеме кезінде станса елордаға сағатына 1700 гигакалориядан астам жылу береді. Мұнда жылу өндіру аралас режимде жүзеге асады: энергетикалық қазандықтарда көмір, ал су жылытатын қазандықтарда табиғи газ пайдаланылады. Бұл тәсіл өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, қаланың экологиялық жүктемесін де едәуір азайтады.
Журналистерге күрделі жөндеуден өткен негізгі техникалық тораптардың – қазандық агрегаттары мен турбиналардың жұмысы көрсетілді. Ведомствоның айтуынша, дәл осы жүргізілген жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жабдықтың тозу деңгейін 49,3% шамасында бақылауда ұстап, стансаға қысқы маусымдағы жоғары жүктемелерді тұрақты еңсеруге мүмкіндік береді.
Тур бағдарламасы елорданың энергия секторын экологияландыруға бағытталған жаңа жобамен жалғасты. БАҚ өкілдері 2023 жылы іске қосылған «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансасының жұмысымен танысты. Жаңа буындағы бұл нысан толықтай табиғи газбен жұмыс істейтін қазандықтармен жабдықталған, сондықтан күл мен күйе қалдықтары мүлде түзілмейді. Сағатына 363 Гкал жылу өндіретін станса Астананың қарқынды өсіп келе жатқан оңтүстік-шығыс бөлігін жылумен сенімді қамтып отыр.
Қала тұрғындарының үздіксіз жарық және жылумен қамтамасыз етілуі – «Астана–Энергия» АҚ-ның тәулік бойы еңбек ететін 1 900-ге жуық маманының қалтқысыз қызметінің нәтижесі. Компания құрамына ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 (сенімгерлік басқаруда) және бірнеше газ қазандықтары кіреді. Бұл нысандар елорданың жылу мен энергияға деген сұранысының 50%-дан астамын өтеп, Астананың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр.