
Павлодар облысында алкилат өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Рәсімге энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов қатысты. Жоба INTERTRANS компаниясымен Энергетика министрлігі мен Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асуда.
Іс-шарада сөйлеген сөзінде Санжар Жаркешов Мемлекет басшысы мұнай-газ химиясы саласын дамыту мен шикізаттық модельден өңдеуші экономикаға көшу стратегиялық маңызға ие екенін бірнеше рет атап өтті деді.
Жаңа зауытта жылына шамамен 100 мың тонна алкилат шығарылмақ, бұл К5 класты (АИ-95/98) экологиялық таза бензиндерге арналған жоғары октанды компонент. Жобаға 35 млрд теңгеден астам инвестиция салынады, кәсіпорынды іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Қазіргі уақытта Энергетика министрлігі салалық қауымдастықтар және сарапшылармен бірлесіп мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасын әзірлеуде. Ол 1-ші және 2-ші қайта өңдеу жобаларын жеделдетуге, ал 3-ші және 4-ші қайта өңдеу жобалары үшін жаңа қолдау құралдарын құруға бағытталған. Сондай-ақ заң сала үшін ұзақмерзімді өсімге қажетті ашық әрі болжамды ережелерді қамтамасыз етеді.
Павлодар облысына жұмыс сапары барысында энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов өңірдің отын-энергетикалық кешенінің негізгі нысандарын аралады. Олардың қатарында – «Богатырь Көмір» көмір өндіру кәсіпорны, онда вице-министр өндіру процесімен және жабдықтарды жаңғыртумен танысты. ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларында жылыту маусымын өткізу және станцияларды жаңғырту перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ Санжар Жаркешов «Павлодар мұнай-химия зауыты» мен «Нефтехим LTD» кәсіпорындарында болып, онда қайта өңдеу тереңдігін арттыру және мұнай-газ химиясын дамыту жоспарлары қарастырылды.