
28 қараша күні Астанада ауылдық округтердің әкімдері үшін ұйымдастырылған Диалог платформасы аясында «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану контекстінде ауыл шаруашылығын дамыту» тақырыбындағы панельдік сессия өтті.
Пленарлық бөлімде спикерлер ауылдық аумақтардың тұрақтылығына, су ресурстарын тиімді басқаруға, экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ энергетикалық және көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты негізгі даму басымдықтарын атап өтті.
Ауылдық округ әкімдерінің алдында сөйлеген Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов министрлік тарапынан ауылдық жерлерде іске асырылып жатқан негізгі инфрақұрылымдық жобаларға тоқталды. Ол Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба аясында ауылдарда электр желілерін ауқымды түрде жаңарту жоспарланғанын айтты. Алдағы бес жылда 79 мың шақырым электр желісі жаңғыртылып, осы мақсатқа 2 трлн теңге бағытталады. Бұл жұмыс электр желілерінің тозу деңгейін 74%-дан 45%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар вице-министр өңірлерді газдандыру барысы, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіретін нетто-тұтынушылар үшін ұсынылатын мүмкіндіктер туралы кеңінен баяндады.
Бағдарламаның негізгі бөлігі «сұрақ-жауап» форматында өтті. Ауылдық округ әкімдері орталық мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшыларға өз сұрақтарын тікелей қойып, нақты мәселелерге жауап алды. Талқылау қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың нақты бағыттары айқындалып, ауыл әкімдері көтерген өзекті мәселелерді жан-жақты пысықтауға қатысты ұсыныстар жасалды.