
ҚР Энергетика министрлігі мен «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ жан-жақты білікті мамандар даярлау, құзыреттерді арттыру және отын-энергетикалық кешенінің (ОЭК) кадрлық әлеуетін дамыту бағытында бірлескен бастамаларды іске асырға арналған кездесу өткізді. Бұл энергетикаға көшу және жасанды интеллект технологияларын қолдану салаларын да қамтиды.
Серіктестік Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» Жолдауына сәйкес жүзеге асырылады. Сонымен қатар, ол жасанды интеллектпен жұмыс істейтін ғылыми-білім беру ұйымдарын қолдау және инновацияларды дамыту үшін ғылыми институттар мен университеттерді біріктіруді көздейтін Жалпұлттық жоспардың талаптарына сай келеді.
Кездесу барысында тараптар ОЭК саласында салалық технологиялық құзыреттер орталығын құруды қарастыратынын атап өтті. Бұл орталық индустриялық және энергетикалық технологияларға қатысты бірлескен зерттеулер жүргізуге, қолданбалы шешімдер әзірлеуге, сондай-ақ өндірістік және ғылыми ұйымдар арасындағы кооперацияны нығайтуға арналған платформа қызметін атқарады.
Келісімнің маңызды бағыттарының бірі – «ҚазҰУ суперкомпьютерінің» есептеу инфрақұрылымын пайдалану. Бұл ресурс күрделі технологиялық және өндірістік үдерістерді модельдеуге, жасанды интеллект модельдерін сынақтан өткізуге, сондай-ақ ОЭК-ті цифрландыру және жаңғырту міндеттеріне арналған аналитикалық құралдар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігі бұл келісімді саланың ұзақ мерзімді қажеттіліктеріне бағытталған орнықты ғылыми-білім беру экожүйесін қалыптастырудағы маңызды қадам деп санайды. ҚазҰУ және халықаралық әріптестермен бірлескен жұмыс жаңа буын мамандарын даярлауға, инновацияларды жедел енгізуге және саланың технологиялық тұрақтылығын арттыруға жол ашады.