Оңтүстік Қазақстанда жеке күн электр стансасының саны 3,5 есе өсті

Оңтүстік Қазақстанда жеке күн электр стансасының саны 3,5 есе өсті

Оңтүстік Қазақстанда жеке күн генерациясының қарқынды өсімі байқалады. Күн стансаларының иелері 3,5 есе көбейіп, төлемдер көлемі 200 млн теңгеден асты. Соңғы кездерде кәсіпкерлер мен жеке тұтынушылар жеке күн стансаларын орнатып, өздерін электр энергиясымен қамтамасыз етіп, артығын желіге сатып отыр.
Бұрын үлесі аз болған микрогенерация моделі бүгінде елдің жаңа энергетикалық жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Сарапшылардың айтуынша, таратылған энергетика — Қазақстан энергожүйесін жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Дәстүрлі жүйеде негізгі жүктеме ірі электр стансаларына түссе, жаңа құрылым мыңдаған шағын генерация көздеріне сүйенеді. Бұл тәсіл энергия балансын икемді етіп, жаздың ыстық мезгілінде жүктемені азайтады, желі инфрақұрылымының тұрақтылығын арттырады және электр сапасын жақсартады.
Елдің оңтүстігінде өсім айқын байқалады. «Қазақстандық коммуналдық жүйелері» тобы мен Түркістан облысы мен Шымкент қаласына электр энергиясын жеткізіп, таратумен айналысатын «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылы салада елеулі құрылымдық өзгеріс тіркелген.
Микрогенерацияның негізгі көрсеткіштері:
• нетто-тұтынушылар саны 22-ден 78-ге дейін (қаңтар-қараша) өсті, бұл 3,5 еседен астам өсімді білдіреді.
• жеке күн электр стансаларының орнатылған қуаты 2750 кВт-тан 7602 кВт-қа жетті.
• 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында желіге берілген күн энергиясының көлемі 3,5 млн кВт·сағ-тан асты, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 910 727 кВт·сағ болған.
Күн электр стансалары энергия қауіпсіздігінің маңызды факторы болып, пиктік сағаттардағы желі жүктемесін төмендетіп, инфрақұрылымның тұрақтылығын арттырады. Қаржылық көрсеткіштер де бұл модельдің тиімді екенін дәлелдеді. «Оңтүстік Жарық Транзит» желісіне алғашқы нетто-тұтынушыларға 200 млн теңгеден астам төлем жүргізілген, оның шамамен 120 млн теңгесі 2025 жылдың алғашқы он айында берілген. Бұл бизнес үшін тікелей табыс болып, күн стансаларына салынған инвестицияны жылдам өтеуге, операциялық шығындарды азайтуға және нысандардың энергия тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі даму қарқыны сақталса, 2026 жылы «Оңтүстік Жарық Транзит» желілеріндегі нетто-тұтынушылар саны 100-ден асып, күн стансаларының жалпы қуаты 10 МВт-қа жетеді. Бұл жылына 5 млн кВт·сағ-тан астам таза энергия өндіруге мүмкіндік беріп, дербес энергетикалық нысан жұмысына тең көрсеткішті қамтамасыз етеді.