
Бұрғылаушылар кәсіби мерекесіне орай «ҚазМұнайГаз» кәсіпорындар тобы қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров сала ардагерлері мен қызметкерлерін құттықтап, олардың мұнай-газ саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Жаңа технологиялар қашанда жаңа көкжиектерге бағыт ашатыны белгілі. Бүгінгі бұрғылаушы – ең күрделі цифрлық жүйелерді басқаратын жоғары деңгейлі маман. Сондықтан Сіздер өздеріңіздің шеберліктеріңізбен инновацияларды іс жүзінде қолдануға, қиын өндірілетін қорларды игеруге және ең күрделі кен жобаларында жұмыс істеуге мүмкіндік бересіздер», — деді вице-министр.
Іс-шара аясында бұрғылау, ұңғымаларды күрделі жөндеу, жаңа технологияларды енгізу және саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағыттарында ерекше көзге түскен мамандар «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағымен, Энергетика министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бұл рәсім бұрғылаушылардың Қазақстан мұнай-газ саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудегі еңбегінің маңыздылығын мойындау болып табылады.