
Бұрғылау – мұнай өндірісі саланың ең маңызды әрі бастапқы кезеңі. Онсыз жаңа кен орнын ашу, бар қорды толық пайдалану, өндіріс тұрақтылығын сақтау мүмкін емес.
Қарашаның үшінші сенбісінде елімізде бұрғылаушы күні аталып өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның бұрылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаментіне қарасты бұрғылау бригадасының жұмысына тоқталып, өндірісті өрге өрлетуге сүбелі үлес қосып келе жатқан ұжым қызметкерлерімен таныстыруды жөн санадық.
Бұрғылау бригадасында 12 жұмысшы бар. Олар жылына тереңдігі 500 метрге дейінгі 40-тан астам жаңа ұңғыма қазады. Геологтар зерттеуінің нәтижесінде белгіленген орында бұрғылаушылар тік, еңіс және зерттеу ұңғымаларын қазу жұмысын 5-7 күн ішінде ішінде орындайды.
Ғалымжан Көптілеуов – бұрғылау ісіне өмірінің 23 жылын арнаған маман. Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы университетті тәмамдаған соң, Қаражанбастағы еңбек жолын бұрғылаушы көмекшісі болып бастады. Өндірісте мол тәжірибе жинаған жұмысшы соңғы 5 жыл көлемінде бригада шебері қызметін атқарып келеді. Бұрғылаудың әр сәті білікті маманның жіті қадағалауында.
Бригаданың ардагері атанған жұмысшының бірі – бұрғылаушы Андрей Бабровский. Ол Маңғыстау даласындағы бірнеше кен орнында еңбек еткен тәжірибелі маман. Бұрғылауға 33 жыл бұрын бет бұрған Андрей, соңғы 23 жыл көлемінде Қаражанбаста табан аудармай жұмыс істеп келеді. Келер жылы зейнет демалысына шығатын бұрғышы мәртебелі мамандығын – мақтаныш санайды.
Бұрғылау күндіз-түні үздіксіз жүретін процесс. Сондықтан мамандар қыстың аязы мен жаздың аптабына қарамастан еңбек етеді. Бір вахтада екі бригада күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Олардың әрқайсысы қажырлы, шыдамды, жауапты, бастысы қауіпсіздік техникасын мұқият сақтап, өз қызметін адал атқарып келе жатқан жұмысшылар.
Мұнда әр қызметкер маңызды рөл атқарады. Мысалы, Амандық Ермағанбетов – бұрғылаушының бірінші көмекшісі, яғни оның оң қолы саналады. Бұрғылау барысындағы барлық операцияға қатысатын маман жұмыстың сапалы, уақытылы жүруін бақылайды. Қызылорда облысының тумасы 2011 жылы қызмет бабымен Маңғыстауға қоныс аударған. Содан бері мұнайлы өлкенің қара алтынын игеруге елеулі үлес қосып келеді.
Әлімжан Көбесеитов пен Қайрат Тәңірбергенов еңбек жолын ұңғымаларды күрделі жөндеуден бастаған. Қазір олар бұрғылау бриагадасы құрамында 5-дәрежелі көмекші қызметін атқарады. Бірі қондырғының жоғары бөлігінде жұмыс істесе, енді бірі жабдықтарды дайындау және орнату, техникалық қызмет көрсету процестеріне жауапты.
Ұйымшыл ұжымда әріптестер бір-бірімен тәжірибе алмасып, білікті мамандар жастарға білмеген үйретіп, көрсетуден жалықпайды. Аға буынның ақылын тыңдап, шыңдалып келе жатқандар қатарында 4-дәрежелі бұрғышы көмекшілері Асылбек Бақытжанов пен Асылбек Сатыбалдиев, 3-дәрежелі көмекшілер Алаш Павиз бен Азамат Тілешов бар. Олар жаңа ұңғыма қазу кезінде құбырларды жалғап, жерге жіберу сияқты механикалық жұмыстарды атқарады.
Бригадада аталған мамандардан бөлек, маңызды қызмет атқаратын жұмысшылар да жоқ емес. Солардың бірі - Қазифолла Шатбаев. Қызметін 35 жыл бұрын Жетібай кен орнында бастаған. 2007 жылы Қаражанбасқа бұрғышы көмекшісі болып ауысып, қазір 4-дәрежелі машинист болып жұмыс істейді. Білікті маман қондырғылардың, сораптардың үздіксіз жұмыс істеуін қатаң бақылауда ұстайды.
Жұмыс барысында қондырғыны құру және демонтаж жасау, істен шыққан құрылғыларды жөндеу 5-дәрежелі слесарь-жөндеушілер Нұрғазы Боранбаев пен Аманқос Зайыровқа жүктелген. Өз ісінің қыр-сырын бес саусағындай меңгерген олар әр тапсырманы ұқыпты орындауға барын салады. Нұрғазы Боранбаев бұрғылауға 30 жылын арнаған қызметкер. Аманқос та 15 жыл бұрын өндірісте жұмыс істеуді таңдаған маман.
5-дәрежелі дәнекерлеуші Самат Есбосынды әріптестері «жедел жәрдем» деп атайды. Себебі ол бұрғылау кезінде сынған металдарды дәнекерлеп, құрылғыларды қатарға қайта қосады. Мұндағы жұмыс барысы Саматқа таңсық емес. 12 жыл бұрын қызметін бұрғышы көмекшісі болып бастаған маман, соңғы үш жылда жұмыс бағытын дәнекерлеуге бұрды.
Жігіттердің айтуынша бұрғылау физикалық күшті талап ететін нағыз ерлерге арналған жұмыс. Мұнда бет бұрған азаматтар қызметінің қиыны мен қызығын қатар өткеріп, өмірінің маңызды бөлшегіне айналдырған. Сондай-ақ бұрғылау процесін жетік меңгерген мамандар өндірістің кез-келген бағытында еркін жұмыс істей алатынын айтады.
ҚБМ-ның Бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу департаменті атқарылған жұмыс нәтижесін әлі де арттырып, өндірісті өркендетуді мақсат етіп отыр. Келер жылы тереңдігі 900 метрге дейінгі бірнеше ұңғыма қазу жоспарда. Бұл бағытта кіші диаметрмен бұрғылау және ескі ұңғымаларды жаңғырту үшін жаңа әдістерді қолдану көзделген.