
Петропавл қаласында Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында вице-министр энергетика саласында атқарылып жатқан жұмыстар, жылыту маусымының өту барысы және энергетикалық инфрақұрылымдарды жаңғырту шаралары туралы кеңінен айтып өтті.
Биыл өңірде 400 шақырымнан астам электр желісі мен 43 қосалқы станса және трансформатор жөнделді. Жылумен қамту саласында төрт жоба іске асырылуда. Соның бірі – Петропавл қаласындағы Жабаев, Шажымбаев, Новая және Алтынсарин көшелерін қамтитын жаңа жылу магистралін салу. Бұдан бөлек, 7,6 шақырым жылу желісі қайта жөнделіп, жаңартылды.
Сондай-ақ жаңғырту жұмыстары «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2029 жылға дейін жалғасады. Жоспар бойынша аймақта 7 мың шақырым электр желісі мен 66 шақырым жылу желісі жаңғыртылатын болады.
Сонымен қатар, өңірді электрмен қамтудың сенімділігін арттыру мақсатында Уәлиханов және Ақжар аудандары аумағында 110 кВ «Ленинградская – Талшық – Кішкенекөл» сақиналы электр желісін салу жоспарланып отыр.
Кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жаңарту, өңірді газдандыру және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Вице-министр Сұңғат Есімханов барлық сұрақтарға нақты жауап беріп, айтылған ұсыныстар мен өтініштер министрлік пен тиісті мекемелердің қарауына алынатынын жеткізді.