
Астана / Әбу-Даби, 2025 жылғы 4 қараша – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан «ADIPEC-2025» халықаралық энергетикалық форумы аясында АҚШ-тың Ішкі істер министрі, Энергетикалық үстемдік жөніндегі кеңестің төрағасы Даг Бергуммен кездесті. Кездесуде америкалық энергетикалық компаниялармен 30 жылдан астам уақыт бойы табысты жалғасып келе жатқан ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды.
Ерлан Ақкенженов атап өткендей, америкалық компаниялар Қазақстанның әлеуетіне сенім артқан алғашқы инвесторлардың бірі және бүгінде Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі жобалардағы негізгі серіктестер болып табылады.
«Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалар біздің америкалық әріптестеріміздің жаһандық портфельдеріндегі негізгі активтерге айналды. Бұл жобалардың ауқымы Қазақстанның әлемдік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын дәлелі болып отыр», - деді министр.
Тараптар ірі бірлескен жобаларды іске асыру барысын және жаңа кен орындарын игеру жоспарын талқылады. Кездесуде мұнай тасымалы мәселелеріне ерекше назар аударылып, негізгі экспорттық бағыт саналатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) тұрақты және сенімді жұмысын қамтамасыз ету жайы қаралды.
Өз кезегінде Даг Бергум Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалды жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұған ірі америкалық мұнай-газ компанияларының көпжылдық табысты қызметі нақты дәлел бола алады. Сонымен қатар, ол энергетика саласын цифрландыру бағытындағы бірлескен жобаларды дамытуға АҚШ тарапының мүдделі екендігін атап өтті.
Кездесу екі тараптың өзара сенім мен құрметке негізделген ұзақмерзімді және өзара тиімді серіктестікті нығайтуға деген ниеттерін көрсетті.