Энергетика министрлігі мен Финляндия бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады

Энергетика министрлігі мен Финляндия бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады

ҚР Энергетика министрлігінде вице-министр Санжар Жаркешовтің Финляндия Экономика және еңбек министрлігінің тұрақты хатшысы Тимо Яаатиненмен, сондай-ақ фин компаниялары — EastCham Finland, Wärtsilä, Finnvera және Nurminen Logistics өкілдерімен кездесуі өтті.

Келіссөз барысында тараптар энергетика саласындағы қазақстан-фин ынтымақтастығының өзекті мәселелерін және бірлескен инвестициялық пен инновациялық жобаларды іске асырудың перспективаларын талқылады.

Вице-министр атап өткендей, Қазақстан Финляндиямен энергетика саласындағы серіктестікті дамытуға ерекше мән береді және өзара іс-қимылды тереңдетуге, озық тәжірибемен алмасуға, сондай-ақ тұрақты энергетикалық жобаларға инвестиция тартуға дайын.

Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, энергия тиімділігін арттыру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Энергетика министрлігі финдік «Wärtsilä» компаниясымен ынтымақтастық тәжірибесіне ие және бұл бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделі.

Тараптар сондай-ақ «жасыл» трансформация мен декарбонизация саласындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытты. Бұл Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі ұлттық басымдықтарына сәйкес келеді.

Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия министрліктері арасында Финляндия Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында қол қойылған энергетика саласындағы Меморандумның іске асырылуы талқыланды.

Қойылған міндеттерді практикалық тұрғыда жүзеге асыру мақсатында екіжақты жұмыс тобы құрылды. Оның алғашқы отырысы өткен жылы өткен болатын. Биыл нақты жобалар мен өзара іс-қимыл тетіктерін талқылауға арналған келесі отырыс өткізу жоспарлануда.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өткен кездесу өзара түсіністікті нығайтуға және Қазақстан мен Финляндия Республикасының энергетика саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға берік негіз болатынына сенім білдірді.