Қытайда CNPC–Қазақстан арасындағы үшінші техникалық семинар өтуде

Қытайда CNPC–Қазақстан арасындағы үшінші техникалық семинар өтуде

2025 жылғы 27 қазанда – Қытайдың Сычуань провинциясы, Чэнду қаласында Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) мен Қазақстан Республикасы арасында көмірсутектерді барлау және игеру мәселелері бойынша Үшінші техникалық семинар басталды.
Іс-шара CNPC тарапынан ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Семинарға энергетика саласындағы мемлекеттік органдардың, ұлттық және жеке мұнай-газ компанияларының, салалық институттардың өкілері мен сарапшылар қатысуда. Шараның басты мақсаты – ғылыми-техникалық тәжірибе алмасуды дамыту және көмірсутек ресурстарын барлау, өндіру және тиімді игеру саласындағы серіктестікті нығайту.
Семинар аясында пленарлық отырыстар, көмірсутектерді барлау, мұнайды өндіру коэффициентін арттыру, сондай-ақ тұтқыр және дәстүрлі емес көмірсутектерді игеру мәселелері бойынша тақырыптық сессиялар өтуде.
Семинардың ашылуында ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек CNPC компаниясының Қазақстандағы 28 жылдық сенімді қызметін атап өтіп, екі ел компаниялары мен ведомствалары арасындағы тұрақты тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Вице-министр сонымен қатар геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалануды цифрландыру Мемлекет басшысы тарапынан энергетика саласын дамытудағы басым бағыт ретінде белгіленгенін жеткізді. Энергетика министрлігі инвестицияларды тарту және инновациялық технологияларды енгізу үшін тұрақты жағдай жасап отыр.
Вице-министр Қ. Арымбек CNPC–Қазақстан арасындағы Үшінші техникалық семинар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және мұнай-газ саласының тұрақты дамуына жаңа тәсілдер енгізуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Семинар аясында CNPC мұнай барлау және игеру ғылыми-зерттеу институты мен «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС арасында ынтымақтастық меморандумы қол қойылды, сондай-ақ қазақстандық мамандардың CNPC кен орындарына техникалық сапарлары жоспарланған.