
Құрметті отандастар!
Сіздерді Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – еліміздің тарихындағы маңызды күн, Тәуелсіздігіміздің және болашағымыз үшін ортақ жауапкершілігіміздің символы.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халықаралық аренада сенімді әріптеске айналып, тұрақты дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл үдерісте энергетика саласы шешуші рөл атқарып, ел экономикасының тұрақтылығын және азаматтардың өмір сүру сапасын қамтамасыз етіп отыр.
Бүгінде мұнай-газ секторында маңызды жобалар жүзеге асып, заманауи технологиялар енгізілуде, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сонымен қатар, төмен көміртекті энергетикаға көшу мен «жасыл» шешімдерді дамытуға баса назар аударылып отыр — бұл еліміздің ұзақмерзімді тұрақтылығы үшін жасалған стратегиялық таңдау.
Ұлттық мереке күні баршаңызға зор денсаулық, амандық және болашаққа деген сенім тілеймін. Әр адамның еңбегі Қазақстанның дамуына және Тәуелсіздігіміздің нығаюына өз үлесін қоса берсін.
Республика күні құтты болсын!