Астана, 2025 жылғы 24 қазан. —ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy компаниясының президенті Цяо Сюбинмен кездесті. Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлары нақтыланды. Қытайлық компанияның жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асады.
Атап айтқанда, Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр стансасы, ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады. Бұл жобалар COP-29 конференциясы аясында қол қойылған жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы Үкіметаралық келісімнің нақты нәтижесі болып табылады.
Сондай-ақ кездесуде тараптар «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп деректерді өңдеу орталығын (ЦОД) салу жобасын талқылады. Жобада орталықтың энергиямен қамтамасыз етілуі жаңартылатын энергия көздері арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл бастама Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екі бағытты яғни, «жасыл» энергетика мен цифрлық инфрақұрылымды дамытуды біріктіреді.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy компаниясымен серіктестікті елімізге тек капитал ғана емес, озық технологиялар әкелетін табысты инвестициялық ынтымақтастық ретінде атап өтті.
«Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жобалар – көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге бағытталған ортақ, маңызды бастама. Сонымен қатар энергияны сақтау және “ақылды” желілер (Smart Grid) бағытында ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндік бар. Министрлік барлық келісімдердің уақтылы жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді ол.
Жиын соңында тараптар энергетика, цифрландыру және инновациялар салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған стратегиялық серіктестікті нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.