
ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде республикалық селекторлық кеңес өтті. Отырыста биылғы жөндеу науқанының қорытындылары, жылыту маусымының басталуы және халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта еліміздің 18 өңірінде жылыту маусымы басталды. Жаз айларында тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтуға бағытталған кешенді шаралар атқарылды. 2025 жылы электр стансаларында 10 энергия блогы, 63 қазан және 39 турбина күрделі жөндеуден өтеді.
Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген сұранысы 7,4 млн тоннаны құрайды. Бүгінде 5,3 млн тонна немесе 72% көлемінде көмір қоры дайындалды. Бұл көрсеткіш күзгі-қысқы кезеңді тұрақты өткізуге жеткілікті деңгейде.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Ержан Ертаев өңір әкімдіктеріне көмір дайындау жұмыстарын жалғастырып, көмір жеткізу нүктелеріне тұрақты бақылау жүргізуді тапсырды. Энергия кәсіпорындарына жөндеу жұмыстарын күшейту, ал аумақтық департаменттерге жөндеу мерзімі кешіктірілген немесе отын қоры азайған жағдайда жедел шара қабылдау міндеттелді.