Лондонда өткен Future Resilience Forum аясында Қазақстан энергетикалық мүмкіндіктерін таныстырды

Лондонда өткен Future Resilience Forum аясында Қазақстан энергетикалық мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Лондонда өтіп жатқан халықаралық Future Resilience Forum форумына қатысты. Бұл алаң әлемнің түрлі елдерінен келген саясаткерлерді, бизнес және сарапшылық қауымдастық өкілдерін біріктіріп, жаһандық сын-қатерлер мен орнықты даму мәселелерін талқылауға мүмкіндік береді. Форум Chatham House қағидаттарына сәйкес өтіп, пікір алмасуға ашық және еркін форматты қамтамасыз етеді.

Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздік пен «жасыл энергетикаға» көшу стратегиясын таныстырып, еліміздің саланы дамытуда теңгерімді әрі дәйекті саясат жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

«Әлемдік энергетика қазір трансформация кезеңін бастан өткеріп жатыр. Бұл үрдіске шығарындыларды азайту және төмен көміртекті көздерге көшу жөніндегі жаһандық бағыт, соның ішінде Париж келісімі аясындағы міндеттемелер ықпал етуде. Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын қысқартуды және энергетикалық қауіпсіздікті сақтауды көздейтін теңгерімді саясат жүргізіп келеді.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан сенімді көмірсутек жеткізушісі мәртебесін сақтай отырып, таза энергетиканы және баламалы экспорттық бағыттарды дамытуда. Сонымен қатар, біз жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салып, «жасыл энергетикаға» көшу аясында атом энергетикасын іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді вице-министр.

Санжар Жаркешовтың айтуынша, жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстанның энергетика саласы тұрақты өсім көрсетіп, халықаралық инвесторлар тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болып отыр.

Саланы дамыту заңнамалық реформалармен қатар жүруде: электр энергетикасында ашық аукциондар енгізілді, жер қойнауын пайдалану ережелері жаңартылды. Бұл шаралар жел және күн энергиясы тарифтерін төмендетіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы таза энергетика бойынша ең тартымды нарықтардың біріне айналдырды. Бүгінде елде жалпы қуаты 3 ГВт-тан асатын 158 жаңартылатын энергия нысандары жұмыс істеп тұр.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан прагматикалық және шынайы тәсілді ұстана отырып, «жасыл энергетикаға» көшу бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

2035 жылға дейін жоспарға сәйкес жаңартылатын энергияның кемінде 8,4 ГВт қосымша қуатын енгізу жоспарлануда. Мұндағы мақсат - жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15% - ға және 2050 жылға қарай 50% - ға дейін жеткізу. Өсіп келе жатқан ЖЭК қуаттарын жүйеге біріктіру үшін электр желілері жаңғыртылып, энергия сақтау жүйелері мен су қойма-аккумуляторлық станциялары әзірленуде.

Сонымен қатар, табиғи газ «өтпелі» отын ретінде маңызды рөл атқарады – ол шығарындыларды азайта отырып, энергиямен тұрақты қамтамасыз етуді қамтамасыз етеді. Қазақстан өңірлерді газдандыруды белсенді жалғастыруда, көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларын газға ауыстыру және сақтау мен тасымалдау инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары жүргізілуде.

Санжар Жаркешов атап өткендей, Қазақстан сенімді энергия жеткізуші ретіндегі мәртебесін сақтай отырып, жаһандық энергетикалық тұрақтылыққа өз үлесін қосуда және халықаралық климаттық міндеттемелерін орындауға берік ұстанымда. Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Еуропалық одақтың мұнай импортының шамамен 13%-ын қамтамасыз етіп отыр және Каспий теңізі арқылы баламалы экспорттық бағыттарды, соның ішінде Әзербайжан және Өзбекстанмен серіктестік аясындағы бағыттарды белсенді дамытып келеді.