Қашаған кен орнында қуаттылығы 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысы белсенді жүргізілуде. Бүгінде нысанда шамамен 2 000 маман еңбек етуде, оның ішінде 170 адам түнгі ауысымда жұмыс істейді. 340 бірлік техника тартылған.
Қазіргі уақытта түтін мұржаларын орнату аяқталды, іргетастарды бетондау, металл құрылымдарын орнату және сырлау, технологиялық жабдықтарды монтаждау және құбыр байлау, сондай-ақ резервуарлар мен сфералық сыйымдылықтарды жинау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар сыртқы инженерлік желілердің құрылысы да жалғасуда.
Айта кету керек, Қашағанда қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын тағы бір газ өңдеу зауыты салынатын болады. Бұл Қашағанда 3,5 млрд текше метр газды өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, Жаңаөзен қаласында қуаттылығы 900 млн текше метр болатын тағы бір газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Ал Қарашығанақтағы ГӨЗ құрылысы мәселесі – Үкіметтің стратегиялық басымдығы болып табылады және белсенді пысықталу үстінде.
Осы жобаларды іске асыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және ішкі газ нарығын дамытуға маңызды қадам болмақ.