Шымкент мұнай өңдеу зауыты 40 жылдық мерейтойын атап өтті

Шымкент мұнай өңдеу зауыты 40 жылдық мерейтойын атап өтті

Шымкент мұнай өңдеу зауытында кәсіпорынның 40 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Мерейтойға Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Шымкент қаласының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Kazenergy» қауымдастығы және CNPC мен «PetroChina» сияқты стратегиялық серіктестердің өкілдері қатысты.
Вице-министр Бақытжан Ілияс құттықтау сөзінде зауыттың отандық мұнай өңдеу саласындағы маңызды рөлін атап өтті.
Бүгінде Шымкент мұнай өңдеу зауыты Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың бірі және ұлттық экономиканың дамуына зор үлес қосуда. Биыл зауыт 6,2 миллион тонна мұнай өңдеп, жобалық қуаттың 104 пайызын орындады. Бұл жоғары кәсібилік пен өндірістің тиімді ұйымдастырылғандығын көрсетеді.
Қазақстанның мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы аясында зауыт қуаттылығын жылына 6 миллионнан 12 миллион тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорын К5 экологиялық стандартына сай өнім шығаруға көшеді.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының 40 жылдық мерейтойы еліміздің мұнай-газ саласындағы елеулі оқиға болды. Қырық жыл ішінде кәсіпорын алғашқы технологиялық қондырғыларды іске қосудан бастап, бүгінгі таңда ішкі нарықты сапалы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған заманауи, жоғары технологиялы өндіріс орнына айналды.
Мерекелік шарада кәсіпорынның үздік қызметкерлері, ардагерлер мен жас мамандар марапатталды. Сондай-ақ, зауыттың 40 жылдығына орай Бадам-1 тұрғын алабында жаңа спорт кешені ашылды. Нысан зауыт ұжымы тарапынан шағын аудан тұрғындарына сый ретінде беріліп, компанияның әлеуметтік жауапкершілігін көрсетті.