15–16 қазан күндері Сеул қаласында өтіп жатқан «ALATAU RISE With Kazakhstan» халықаралық роуд-шоу аясында Қазақстанның вице-премьері Қанат Бозымбаев бастаған делегация болашақ «Alatau city» қаласының тұжырымдамасын ұсынды.
Шара шетелдік инвестиция тарту және Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту мақсатында ұйымдастырылған.
Роуд-шоу барысында Сингапур мен Оңтүстік Кореяның жетекші компанияларының қатысуымен әзірленген жаңа қаланың мастер-жоспары таныстырылды. Жоба аясында өнеркәсіп, энергетика, мобильдік жүйелер мен жайлы қала ортасын қалыптастыру салаларына заманауи технологияларды енгізу жоспарланған.
Іс-шарада сөз сөйлеген ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс министрліктің Alatau city үшін заманауи энергетикалық инфрақұрылым құру жөніндегі стратегиясын таныстырды.
Жаңа Alatau city қаласын энергиямен қамтамасыз ету мақсатында жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) мен Smart Grid технологияларын 2000 МВт-қа дейінгі сұранысты ескере отырып, интеграциялау көзделуде.Энергиямен жабдықтау бойынша екі негізгі сценарий қарастырылып отыр. Оның бірі — газтурбиналық қондырғыларды қолданатын аралас модель, екіншісі — қаланы ұлттық энергетикалық жүйеге қосу. Сондай-ақ жылумен қамтамасыз ету орталықтандырылған, децентрализатылған және баламалы көздерге негізделетін болады. Бұл бағытта күн коллекторларын, жылу сорғыларын және сутекті қолдану жоспарланған.
Бақытжан Ілияс сутекті энергетиканы дамыту маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, сутек көлігі саласында экологиялық таза отын ретінде мүмкіндіктерін ашады. Ал энергетика саласында — ЖЭК-тер көп жүйелерді теңестіру құралы ретінде қызмет етеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында тыңайтқыш өндірудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Вице-министр Корея Республикасымен бірлесіп технологияларды енгізу, инвестиция тарту, қауіпсіздік стандарттарын әзірлеу, сутекті көлік құралдарын дамыту және осы салада мамандар даярлау бағыттарында ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.
ҚР Энергетика министрлігі мен Жаһандық жасыл өсу институты (GGGI) H2G бастамасы аясында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат таза сутек өндірісін дамыту және жасыл экономиканы қолдау жобаларын ілгерілетуге бағытталған. Екі тарап экологиялық таза технологияларды енгізу, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және энергетика секторындағы көміртегі ізін азайту жұмыстарын бірлесе атқаруға келісімге келді.