Брюссель, 2025 жылғы 10 қазан – ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Брюссельде өткен «Global Gateway» форумына қатысып, Еуропалық Одақ өкілдерімен бірқатар стратегиялық кездесулер өткізді. Бұл сапар Қазақстанның Орталық Азиядағы ЕО үшін сенімді әрі негізгі серіктес ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.
Форум аясында министр Еуропалық комиссияның Халықаралық серіктестік жөніндегі комиссары Йозеф Сикеламен және тату көршілік пен кеңейту мәселелеріне жөніндегі комиссары Марта Коспен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар энергетикалық қауіпсіздік, «жасыл» экономикаға көшу мәселелерін талқылады.
Ерлан Ақкенженов Қазақстанның 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді стратегиялық мақсат ретінде айқындап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, елдің «жасыл» экономикаға көшу үдерісінде прагматикалық әрі теңгерімді ұстанымды басшылыққа алатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл процесс жаңартылатын энергия көздерін дамытумен қатар, қазіргі таңда дәстүрлі генерацияға негізделген ұлттық энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз етуі тиіс.
Сапар барысында инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударылды. Министр Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен, Француз даму агенттігінің (AFD) директоры Сириль Бельэмен және Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы (CDP) басшыларымен кездесті.
Сапардың негізгі нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен Еуропаның жетекші қаржы ұйымдары Еуропалық қайта құру және даму банкі (EBRD) мен Еуропалық инвестициялық банк (EIB) арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылуы болды. Құжаттар жаңартылатын энергия көздерін дамыту, электр желілерін жаңғырту және Қамбар-Ата ГЭС-1 секілді өңірлік жобаларға инвестиция тартуға бағытталған.
Сондай-ақ форум аясында Герман халықаралық ынтымақтастық жөніндегі қоғамы (GIZ) ұйымдастырған «Орталық Азиядағы серіктестік диалогына» Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстанның энергетика министрлері қатысты. Басқосуда Ерлан Ақкенженов өңірлік электр саудасы, гидроэнергетика және жаңартылатын энергия стандарттары бойынша Қазақстанның ұстанымын білдірді.
– Біздің Брюссельге сапарымыз Еуропамен энергетикалық әріптестікті тереңдетуге деген өзара қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Қазақстан – сенімді энергия жеткізуші ел және «жасыл» энергетика мен сутегі өндірісінде Еуропа үшін стратегиялық серіктес болуға дайын. EIB және EBRD-пен жасалған келісімдер – еліміздің еуропалық бизнеске тұрақты ұзақмерзімді жобаларға арналған инвестициялық тартымдылығын айқындайды, – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.