ҚР Энергетика министрлігінде жұмыс тобының отырысы өтті

ҚР Энергетика министрлігінде жұмыс тобының отырысы өтті

Астанада мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы ұйымдарда еңбектің үлгілік нормалары мен нормативтерін әзірлеу, келісу және қайта қарау мәселелеріне арналған үш күндік семинар-кеңес өтуде.

Іс-шараны Энергетика министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтымен, салалық қауымдастықтармен («KAZENERGY», «PETROMINING», Мұнай-газ химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы), сондай-ақ мұнай-газ компаниялары мен салалық кәсіподақтармен бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың жұмысына ҚР Энергетика министрлігінің аппарат басшысы Жанар Жарылғасова қатысты.

2025 жылғы тамыз айында Энергетика министрінің бұйрығымен мұнай-газ саласындағы ұйымдарда еңбек нормалары мен нормативтерін әзірлеу, келісу және қайта қарау мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылды. Топ жұмысы үш негізгі бағытты қамтиды: мұнай мен газды барлау және өндіру, мұнай мен газды тасымалдау және сақтау, мұнай мен газды өңдеу және өткізу.

Бүгін жұмыс тобының екінші отырысы өтіп, қатысушылар үлгілік еңбек нормаларын әзірлеу мен келісудің алгоритмін талқылады, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ, «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ және «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС филиалының Ұйымдық даму және нормалау орталығының тәжірибесімен танысты.

Семинар-кеңес мемлекеттік органдар, салалық бірлестіктер мен компаниялар өкілдері арасындағы тәжірибе алмасу алаңына айналды. Мұнай-газ секторындағы еңбек нормалау жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасын табады.