Ерлан Ақкенженов: «Жаңа инвестициялық келісімшарттар мен технологиялар Қазақстанның жаһандық энергия нарығындағы орнын нығайтады»

Ерлан Ақкенженов: «Жаңа инвестициялық келісімшарттар мен технологиялар Қазақстанның жаһандық энергия нарығындағы орнын нығайтады»

АСТАНА. 2025 жылғы 3 қазан — ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов XVII Еуразиялық KAZENERGY форумының басты пленарлық сессиясында саланың даму стратегиясын таныстырды. Сессия жұмысына ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов қатысып, Ол Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған стратегиялық бағыты айқындалған құттықтау хатын оқыды.

Ал министр өз кезегінде жаһандық өзгерістер аясында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған стратегиялық жоспарды таныстырды.

– Қазақстан жаһандық энергетикалық жүйенің маңызды бөлігі ретінде көпвекторлы әрі тұрақты саясатты ұстанады. Біз көмірсутектерді сенімді жеткізумен қатар, төмен көміртекті модельді дамыту жұмысын қатар жүргізіп отырмыз. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және инвестиция тартуға жол ашады", – деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, елде инвестициялық климатты жақсарту бойынша нақты қадамдар жасалуда. Атап айтқанда, жаңа кен орындарын барлау мен игеруге ынталандыратын Жетілдірілген үлгілік келісімшарт енгізілген. Осы механизм арқылы бүгінде 9 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға келісімдерге қол қойылған.

Сондай-ақ, министр дәстүрлі энергетиканы жаңғырту және "жасыл" технологияларды дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауытын кеңейту және көмір станцияларына көміртекті ұстау технологияларын (CCUS) енгізу көзделіп отыр. Бұған қоса, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің саны артып келеді – бүгінде жалпы қуаты 3,25 ГВт болатын 158 нысан жұмыс істеп тұр.

Форумда сөз сөйлеген ОПЕК-тің Бас хатшысы Хайтам әл-Гайс Қазақстанның энергетикалық саладағы рөлін жоғары бағалап, ОПЕК әлемдік тұрақтылықты қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.

– Қазақстан жаһандық энергетика аренасындағы маңызды ойыншы және сенімді серіктестікке алғыс білдіреміз. ОПЕК-тің басты міндеті — жаһандық энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау. Біздің мақсатымыз – үздіксіз энергеиямен қамтамасыз ету және энергетикалық ұауіпсіздікті нығайту, – деді ол.

Анықтама: XVII Еуразиялық KAZENERGY форумы 2-3 қазан аралығындп Астанада өтіп жатыр. Биылғы форумның тақырыбы – "Жаңа энергетикалық тәртіпті қалыптастыру және орта державалардың рөлі". Шараға үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық миссиялар мен жетекші энергетикалық компаниялардың басшылары қатысуда.