Қазақстан мен Әзербайжан энергетикалық әріптестікті нығайтуда: мұнай транзиті 1,7 млн тоннаға дейін өседі

Қазақстан мен Әзербайжан энергетикалық әріптестікті нығайтуда: мұнай транзиті 1,7 млн тоннаға дейін өседі

Астанада өткен Kazenergy Week – 2025 аясында ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Әзербайжанның Өнеркәсіп және энергетика министрі Парвиз Шахбазов кездесті.

Қазақстан тарапы Әзербайжан делегациясына ресми сапармен келгені үшін алғыс білдіріп, кездесудің екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайтатынын атап өтті.

Кездесуде Каспий жасыл энергетикалық дәлізі жобасына басымдық берілді. Соңғы екі жылда жоба стратегиялық маңызы бар бастамаға айналды. Бүгінде Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жүйелік операторлары бірлескен кәсіпорын құрды, бірқатар келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттарының қолдауымен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Энергетика министрі Е. Ақкенженовтың айтуынша, бұл дәліз – Орталық Азиядан Еуропаға дейін таза энергия жеткізетін сенімді көпірге айналады.

Басқосуда көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі де талқыланды. Ақтау – Баку – Джейхан бағыты бүгінде қазақстандық мұнайды экспорттауда негізгі жолдардың біріне айналды. 2023 жылы осы бағытпен 1,06 миллион тонна мұнай тасымалданса, 2025 жылы бұл көлемді 1,7 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр.

«Біздің еліміз үшін Ақтау – Баку – Джейхан бағыты стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар Баку – Супса бағытын да стратегиялық резерв ретінде қарастырып отырмыз», – деді министр Е. Ақкенженов.

Кездесу қорытындысында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық жаңа серпін алғаны атап өтілді. Бірлескен жобалардың іске асуы екі елдің стратегиялық әріптестігін нығайтып, өңірлік даму үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.