Астана, 2025 жылғы 23 қыргүйек — ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басшылығымен және Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарының директорларымен кездесті.
Басқосуда 2040 жылға дейінгі мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өндіріс қуатын арттыруға бағытталған жобаларды жеделдету мәселесі талқыланды.
Маңызды жиын Мемлекет басшысының көмірсутектерді терең өңдеу және экономиканың шикізатқа тәуелділігін азайту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ, Үкімет бекіткен тұжырымдамаға сәйкес, елімізде мұнай өңдеу көлемі жылына 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін, яғни шамамен екі есеге артады.
Жобалардың басты шарты – жанармай және мұнай-химия өндірісін заманауи схемамен жүзеге асыру. Бұл жанармаймен қатар жоғары сұранысқа ие мұнай-химия өнімдерін шығаруды қамтамасыз етеді. Нәтижесінде ішкі нарықты жанар-жағармаймен толық қамтып, қосылған құны жоғары өнімдердің экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Кеңесте аталған зауыттардың жаңғырту жобаларының ағымдағы жағдайы мен жұмыс кестесі жан-жақты талқыланды. Министр Шымкент МӨЗ-інің өндірістік қуатын жылына 6-дан 12 млн. тоннаға дейін ұлғайту жобасын шетелдік серіктестермен жедел іске асыру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта Бейжіңде CNPC компаниясымен келіссөздер жүргізу жоспарланған. Сонымен бірге министр Павлодар МӨЗ-дің қуатын 9 млн. тоннаға дейін көтеру жобасын жылдам іске асыруды тапсырды. Ал Атырау МӨЗ-інде өндіріс көлемін жылына 6,7 млн тоннаға дейін ұлғайту және зауыттың тиімділігін арттыру, сонымен қатар жөндеу аралық кезеңдерін ұзарту жобаларына ерекше назар аударылуда.
«Әрбір мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру жобасы менің жеке бақылауымда. Мақсатымыз сұранысты қанағаттандыру ғана емес, оны алдын ала қамтып, экономикалық сенімділікті қалыптастырып, елді толық отандық өніммен қамтамасыз ету. Министрлік бюрократиялық кедергілерді жоюға және ведомствоаралық мәселелерді шешуге қолдау көрсетеді. Осы ретте, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен зауыт басшыларының жеделдетілген жоба кестесін қатаң бақылауда ұстап, жұмыла жұмыс жасауын талап етемін», – деді ҚР Энергетика министрі Е.Ақкенженов.
Кеңес соңында компания басшыларына жобалардың жол карталарын жаңарту тапсырылды. Энергетика министрлігі олардың орындалуын ай сайын бақылап отырады.
Жиын қорытындысында ведомство басшысы сала мамандарын Мұнай-газ кешені қызметкерлері күнімен құттықтап, арнайы наградалар табыстады.
Айта кетейік, «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Атырау МӨЗ бас директоры Қуаныш Бишімов, Павлодар МӨЗ бас директоры Мәждай Ахметов, Шымкент МӨЗ бірінші вице-президенті Бақыт Ерегенов марапатталды. Мұнай-химия саласында 15 жылдан астам еңбек етіп, мұнай тасымалын әртараптандыруға үлес қосқан Жібек Бердібековаға «Мұнай-газ саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.