Гигаваттық стансадан сутегі инновацияларына дейін: Қазақстан мен Франция энергетикалық серіктестікті нығайтуда

Гигаваттық стансадан сутегі инновацияларына дейін: Қазақстан мен Франция энергетикалық серіктестікті нығайтуда

Астана, 2025 жылғы 22 қыргүйек – ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесу барысында энергетика саласындағы бірлескен ірі жобаларды іске асырудың нақты қадамдарын талқыланды.

Кездесуде тараптар стратегиялық әріптестіктің қарқынын жоғары бағалап, негізгі бағыттар бойынша жоспарларды нақтылады. Әңгіме барысында Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын «Мирный» жел электр стансасын салу жобасы бойынша айтарлықтай ілгерілеу бар екендігі айтылды. Бұл жобаны француздық «Total Energies» компаниясы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы бірлесіп жүзеге асыруда. Жоба құрамына 600 МВт/сағ қуаттылығы бар энергия сақтау жүйесі кіреді.

Кездесуде негізгі үкіметаралық келісімдерге қол қойылып, тарифтер бекітілді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда.

Басқосуда «Air Liquide» компаниясымен технологиялық әріптестікке ерекше мән берілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында қол қойылған, құны 44,3 млрд теңге болатын инвестициялық келісім аясында Павлодар мұнай-химия зауытында сутегі өндіру қондырғысы салынуда. Жобаның ерекшелігі – әлемде алғаш рет бутан-бутилен фракциясынан сутегі өндіру технологиясы қолданылады. Бұл шешім Қазақстан жағдайына арнайы бейімделіп, «Air Liquide» инженерлерімен әзірленген. Жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі үшін стратегиялық маңызға ие және жыл сайын 200 мың тоннаға дейін қысқы дизель отынын импорттаудың орнын толтыруға мүмкіндік береді.

«Франциялық компаниялар Қазақстанға тек инвестиция ғана әкеліп отырған жоқ, сонымен қатар озық технологиялар мен бірегей инженерлік шешімдер ұсынуда», – дейді Ерлан Ақкенженов.

– «Total Energies» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті станса жобасы – «жасыл» энергетика мен икемді қуат көздерін дамытудағы стратегиялық қадамымыз. Ал «Air Liquide» компаниясының Павлодар мұнай-химия зауытындағы жобасы импортты алмастыру мәселесін шешіп, елдің энергетикалық тұрақтылығын арттырады. Біз осындай нақты, технологиялық күрделі әрі экономика үшін маңызды нәтижелерге қол жеткізетін ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз,- деді ол.

Кездесу соңында тараптар жоспарлардың уақтылы жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін белсенді диалогты жалғастыруға келісті.