Энергетика министрлігі жүргізіп жатқан тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамтуды дамыту жұмысы аясында «SILLENO» ЖШС «Мұнай-газ машина жасауын дамыту жөніндегі халықаралық орталық» қауымдастығына (бұдан әрі – IMBC) мүшелікке кіру туралы келісімге қол қойды.
«SILLENO» ЖШС Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жобалардың бірі – Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының операторы болып табылады. Жобаның жалпы құны 7 млрд АҚШ долларынан асады. Кәсіпорынды іске қосу 2029 жылға жоспарланған.
Бұл оқиға IMBC қызметін кеңейту және ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды қадам болды. Жаңа қатысушының қосылуы қауымдастықтың талдау базасын кеңейтіп, болашағы зор мұнай-газ жобаларында сұранысқа ие тауарлар бойынша тереңірек сараптама жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл ақпаратты шоғырландыру мен ауқым әсеріне қол жеткізуге жол ашады. Ірі бес оператор – ТШО, КПО, НКОК, ККО және SILLENO тарапынан сұранысты біріктіру отандық өндірушілерге ірі көлемде өнім шығару арқылы өзіндік құнды төмендетуге, маркетинг пен нарықты зерттеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы нәтижелер ел экономикасына айтарлықтай оң әсер береді деп күтілуде.