Елордада энергетика саласындағы маңызды жобаларға арналған «Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртудың Ұлттық жобасы: Қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер» атты конференция өтті. Іс-шараны «Energy Monitor» қоғамдық қоры ұйымдастырды.
Басқосуда «Energy Monitor» атқарушы директоры Нұрлан Жұмағұлов модераторлық етті. Талқылауға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков пен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Конференция 300-ден астам бизнес өкілін, энергия өндіруші және жеткізуші ұйымдарды, сондай-ақ ұлттық компаниялардың басын қосты.
Конференция аясында «ЭКСЖ – 2025-2029 ұлттық жобасы: басымдықтар, мақсаттар, индикаторлар» атты пленарлық отырыс болды. Онда жобалық кеңсе жұмысының алғашқы аралық нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған жоспарлар талқыланды.
Сессия аясында мынадай маңызды мәселелер қаралды:
– Ұлттық жоба шеңберінде сатып алу қағидалары, электрондық платформаны іске қосу және отандық тауар өндірушілер тізілімін жасау;
– сатып алынатын тауар позицияларын талдау;
– оффтейк-келісімшарттар мен офсеттік келісімдерді қолдану;
– EPC мердігерлермен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктері.
Жиында ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаның негізгі аспектілерін таныстырды. Оның айтуынша, жоба аясында жылу желілерін, электр желілерін жаңғырту, сондай-ақ генерациялау объектілерін салу және қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жоспарланған.
«Біз еліміздің барлық өңірін қамтитын ірі Ұлттық жобаны іске асырамыз. Бұл жобаның нәтижесінде 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозуын 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Басты мақсатымыз – инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңарту және жылумен әрі электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру», – деді Сұңғат Есімханов.
Жалпы қуаттылығы 7,3 ГВт болатын генерациялау объектілерін салу және жаңғырту бойынша 29 жоба іске асырылмақ.
Конференция барысында инвесторлардың рөліне ерекше назар аударылды. TotalEren, ArmWind-ENI және Svevind халықаралық компаниялары жаңартылатын энергия көздері саласындағы өз жобаларын таныстырып, қазақстандық бизнеспен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін атап өтті.