ҚР Энергетика министрлігінің энергоүнемділікті арттыруға бағытталған саясатына сәйкес, «ҚазТрансОйл» АҚ «Қаламқас – Қаражанбас – Ақтау» магистральдық мұнай құбырының учаскесіндегі энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстарын аяқтады. Ұзындығы 45 шақырымды құрайтын «Қаражанбас – Қияхты» бөлігінде жаңартылатын энергия көздері мен дизельді генераторлық қондырғыларды біріктірген гибридті электрмен жабдықтау жүйесі енгізілді.
Жоба аясында мұнай құбырының 63, 87 және 107 шақырымдарында күн панельдері бар үш автоматтандырылған контейнерлік гибридті электрқондырғы орнатылды. Әрбір қондырғыда 48 панельден тұратын фотоэлектрлік жүйе, қуаттылығы 40 кВА дизельді генератор, аккумуляторлық батареялар, қуаттау контроллері, басқару панелі және қашықтан мониторинг жүйесі бар.
Жаңа қондырғылардың енгізілуі энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді: учаскенің санаты үшіншіден біріншісіне көтерілді. Бұл мұнайды Ақтау теңіз портына, битум зауытына және «Өзен – Атырау – Самара» жүйесіне үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Контейнерлік орындау жабдықтың қатты температуралық ауытқулар мен жоғары ылғалдылық жағдайында тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қондырғылар бейнебақылау және жарықтандыру жүйелерімен жабдықталған.
Қашықтағы аймақта орналасқан бұл учаскені автономды гибридті энергиямен қамтамасыз ету ерекше маңызды. Жоба энергоүнемділікті арттыруға, орталықтандырылған желілерге тәуелділікті азайтуға және компания нысандарының электр энергиясын тұтынуын қысқартуға ықпал етеді.