Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Түмен өнеркәсіптік-энергетикалық форумы — TNF 2025 шеңберінде өткен «Қазақстан мен Ресейдің мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы» атты стратегиялық сессияға қатысты.
Қазақстандық делегация құрамына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, оның еншілес ұйымдары, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен басқа да салалық құрылымдардың өкілдері кірді.
Сессия барысында вице-министр Құдайберген Арымбек екі ел арасындағы мұнай-газ саласындағы стратегиялық серіктестікті атап өтті. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі бірлескен жобалар қатарында:
- «Қаламқас-Хазар» (ҚМГ және «Лукойл»);
- жылына 1,25 млн тонна өнім өндіретін «Полиэтилен» жобасы («Сибур» және Sinopec қатысуымен);
- «Каратон Подсолевой» – күрделі геологиялық барлау жобасы («Татнефть» қатысуымен).
Вице-министр жабдықты локализациялау мен бірлескен өндірістерді дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сессия қорытындысы бойынша екі маңызды келісімге қол қойылды:
- Түмен облысының мұнай-газ кластері қауымдастығы мен Petrocouncil арасындағы;
Түмен облысының инновациялық даму агенттігі, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті және Petrocouncil арасындағы.
Аталған іс-шара энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көрсетіп, жаңа серіктестік бағыттарын айқындады.