Сутегі екінші Орталық Азия декарбонизация форумының басты тақырыбына айналды

Сутегі екінші Орталық Азия декарбонизация форумының басты тақырыбына айналды

Астана, 2025 жылғы 16 қыргүйек —ҚР Энергетика министрлігі мен Сутегі дипломатиясы кеңсесінің ұйымдастыруымен декарбонизация дипломатиясы бойынша екінші Орталық Азия және Еуропа форумы өтті.

Іс-шараға Орталық Азия мен Кавказ елдерінің министрліктері мен ведомстволарының өкілдері, халықаралық ұйымдардың, жеке сектор, ғылыми қауымдастық пен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Екінші форум аймақтық ынтымақтастық, инвестициялық мүмкіндіктер және сутегі дипломатиясы мәселелеріне арналды. Форумның ашылуында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілиясов құттықтау сөз сөйледі.

«Жаңартылатын энергия көздері – Қазақстан үшін басым бағыттардың бірі. Бүгінде елімізде жетекші халықаралық компаниялардың қатысуымен ондаған күн және жел энергетикалық жоба жүзеге асырылуда. ЖЭК көміртегі ізін азайтып қана қоймай, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтады, жаңа жұмыс орындарын ашады және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Болашақта жаңартылатын энергия көздері “жасыл” сутегі өндірудің негізгі көзіне айналмақ. Сутегі энергетикасы – келесі маңызды қадам», – деді Бақытжан Ілиясов.

Министрлік атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы, соның ішінде Қазақстандағы сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасын жаңарту жөнінде айтты. Бұл құжат инвестиция тартуға және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындауға арналған.

Еліміздегі жасыл сутегі жобаларына қызығушылық артып келеді. Оған шетелдік инвесторлармен қатар отандық бизнес те белсенді көңіл бөлуде. Форум Қазақстанның сутегі экономикасын дамыту үшін аймақтағы бірегей алаң екенін айқын көрсетті. Ел жаңартылатын энергия көздеріне бай, географиялық тұрғыдан тиімді орналасқан және Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, Азия даму банкі, БҰҰДБ, IRENA секілді жетекші қаржы институттарының тұрақты қызығушылығына ие.

Форум аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Сутегі дипломатиясы кеңсесі (GIZ) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Негізгі баяндаманы Сутегі дипломатиясы кеңсесінің басшысы, доктор Мануэль Андрес жасап, жасыл сутегіні дамыту жөніндегі халықаралық бастамалардағы Қазақстанның рөліне тоқталды.

Форумға қатысушылар Қазақстанның жаңартылатын энергия және жасыл сутегі салаларындағы әлеуетін атап өтіп, осы бағытта бірлескен саясат жүргізудің, инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасаудың және адами капиталды дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті.