Ерлан Ақкенженов: мұнай-газ химиясы 15 млрд доллар инвестиция және 20 мың жұмыс орнын әкеледі

Ерлан Ақкенженов: мұнай-газ химиясы 15 млрд доллар инвестиция және 20 мың жұмыс орнын әкеледі

Астана, 2025 жылғы 8 қыркүйек – ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің қатысуымен Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға Энергетика министрлігінің басшылығы мен қызметкерлері, ардагерлер, ұлттық компаниялардың, кәсіпорындар мен мұнай-газ секторы өндіріс ошақтарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов саланың негізгі жетістіктері мен жоспарлары туралы айтып, Президент Жолдауында белгіленген тапсырмалардың ішінде мұнай-газ химиясын дамытуға – елдің тұрақты экономикалық өсімі үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың біріне ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Өндіру көлемін арттыру Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндет – терең өңдеуге көшу ісімен қатар жүріп жатыр. Үш мұнай өңдеу зауытымызды жаңғырту ішкі нарықты толықтай сапалы жанармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Биылғы жылға қайта өңдеу жоспары – 17,9 млн тонна. Келесі қадам – қуаттылығы жылына 500 мың тонна болатын еліміздегі алғашқы полипропилен зауытының іске қосылуы және жылына 1,25 млн тонна өндіретін полиэтилен кешенінің құрылысының басталуы. Осылайша Қазақстанда жалпы инвестициялық әлеуеті 15 миллиард доллар болатын және 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орнын ашатын жаңа, жоғары технологиялық мұнай-газ химия өнеркәсібі қалыптасып келеді», – деді министр.

Газ саласында «Сарыарқа» жобасы, «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистралін кеңейту және «Талдықорған–Үшарал» жаңа газ құбырының құрылысы жүзеге асырылуда. Бұл жобалар өңірлердегі халықтың өмір сапасын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Министр сондай-ақ Қазақстанның алдында жаңа ауқымды міндеттер тұрғанын атап өтті. Бұл – «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» теңіз кен орындарын игеру. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 6 миллиард доллар, ал ең жоғары өндіру деңгейі жылына 4 млн тоннаға дейін жетпек. Мұның барлығы Транскаспий дәлізі арқылы экспорттық бағыттарды әртараптандыру аясында іске асырылады.

Экология және инновациялар мәселесіне де ерекше назар аударылды: серіктес газды алауда өртеу көлемі 75%-дан астамға қысқарды. Биылдан бастап сала кәсіпорындары үшін ең озық қолжетімді технологияларға негізделген кешенді экологиялық рұқсат беру тәжірибесі енгізіледі.

Салада «ақылды кен орындары» сияқты цифрлық шешімдер белсенді енгізілуде, олардың көмегімен өндіріс көлемін 10%-ға арттыруға және операциялық шығындарды 30%-ға қысқартуға мүмкіндік бар.

Салтанатты рәсім барысында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес үздік мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды: «Парасат», II дәрежелі «Достық», «Құрмет», III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды. Бірқатар қызметкерлер ҚР Премьер-Министрінің Алғыс хатына ие болды.

Сонымен қатар, Ерлан Ақкенженов ведомстволық марапаттар тапсырды: «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, «Мұнай-газ саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі, Энергетика министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары берілді.

Энергетика министрі мұнай-газ саласының ел экономикасындағы стратегиялық рөлін атап өтіп, саланың барлық қызметкерлеріне кәсіби шеберліктері мен Қазақстанның дамуына қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді.