Газ саласы бүгінде қарқынды дамудың жаңа кезеңін бастан кешіріп, ел үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр. Газбен қамтамасыз ету – миллиондаған азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін басым міндеттердің бірі. Қазіргі таңда ел бойынша газдандыру деңгейі 62,4%-ды құрайды. Бұл 20,2 млн халықтың 12,6 миллионынан астамының табиғи газға қол жеткізуін қамтамасыз етіп отыр. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. Жыл соңына дейін бұл деңгей 63,8%-ға жеткізілмек.
Тек 2024 жылдың өзінде 4000 шақырымнан астам газ құбыры салынып, 93 жоба жүзеге асырылды. Ал 2025 жылы тағы 77 жобаны аяқтап, 300 мыңнан астам тұрғынды газға қосу жоспарлануда. Бүгінде тарихи ауқымдағы жобалар іске асырылуда: Қарашығанақта, Жаңаөзенде, Қашағанда газ өңдеу зауыттары салынып жатыр. Қашаған ГӨЗ-інің қуаты жылына 1 миллиард текше метр газды құрайды.
Сонымен қатар, катарлық серіктестермен бірлесіп стратегиялық маңызы бар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісі салынып жатыр. Анабай, Рожков және Өріктау Шығыс сияқты жаңа кен орындарын игеру жүріп жатыр. Биыл ұзындығы 300 км «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбырының пайдалануға берілуі жоспарланған. Бұл жоба Жетісу өңіріндегі 130 мыңға жуық халқы бар 66 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз етеді. Нәтижесінде облыстың газдандыру деңгейі 47%-дан 90%-ға дейін өседі. Сондай-ақ, «Сарыарқа» магистралдық газ құбырын кезең-кезеңімен Көкшетау мен Петропавлға дейін жеткізу де басым бағыттардың бірі болып отыр.
Бұл нысандар – картадағы жай ғана нүктелер емес, Қазақстанның энергетикалық егемендігін нығайтуға бағытталған нақты қадамдар. Әсіресе, газдандыру ең күрделі әрі қаржылық шығынды талап ететін солтүстік және шығыс өңірлерге ерекше көңіл бөлінуде. Болжамдар бойынша, алдағы жылдары елде газ тұтыну көлемі айтарлықтай артады – 2025 жылы 21,2 млрд текше метрден 2028 жылға қарай 32,4 млрд текше метрге жетпек. Бұған елдің оңтүстігінде жаңа парогаз электр станцияларының іске қосылуы, мұнай-газ химиясы мен ауыр өнеркәсіптегі ауқымды жобалардың жүзеге асырылуы және өңірлердің жедел газдандырылуы ықпал етеді.
Бүгінде газ – тек үйлердегі жылу ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындары, қалалардың экологиялық сауығуы, елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігі. Сала қызметкерлерінің еңбегі зор әлеуметтік маңызға ие: олардың арқасында миллиондаған қазақстандық өркениеттің ең басты игіліктерінің біріне қол жеткізді. Газ саласының дамуы – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен орнықты болашағына жасалған сенімді қадам.