29 жоба: Қазақстан энергогенерация қуатын 7,3 гигаватқа өсіреді

29 жоба: Қазақстан энергогенерация қуатын 7,3 гигаватқа өсіреді

«Орталық коммуникациялар қызметінде» «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараның спикері ҚР Энергетика министрлігі Электр энергетикасын дамыту департаментінің директоры Асылжан Мусин болды.

Асылжан Мусиннің айтуынша, ұлттық жоба аясында 2029 жылға дейін генерация саласында жалпы қуаты 7,3 ГВт болатын 29 жоба іске аспақ. Энергетикалық нысандарды жаңғырту мен жаңаларын салуға жалпы инвестициялар көлемі 6,2 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде 14 жоба – қолданыстағы активтерді 2 050 МВт қуатпен жаңғыртуға бағытталған және құны 1,7 трлн теңге болса, 15 жоба – 5 259 МВт жаңа қуат көздерін іске қосуға арналған, құны 4,4 трлн теңге.

Ең маңызды бастамалардың қатарында – Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын газға көшіру, Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысын салу, Маңғыстау облысында «МАЭК» ЖШС алаңында 160 МВт қуатты ПГУ тұрғызу, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында шамамен 700 МВт маневрлік қуаттарды іске қосу бар.

Аталған жобаларды жүзеге асыру 2029 жылға қарай электр станцияларының тозу деңгейін 17%-ға төмендетуге, орнатылған қуатты ұлғайтуға және ел экономикасы мен халқын тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.