Астана, 19 тамыз. – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) пен тұрғын үй көмегін (ТКК) алатын азаматтарға тауарлық газға цифрлық ваучерлер беру жөніндегі пилоттық жобаны іске қосты.
Жобаны Энергетика министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп жүзеге асыруда. Бастама еліміздің барлық газдандырылған өңірлерін қамтиды.
Бұл қадам Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының бір бөлігі болып табылады және мемлекеттік қолдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Әлеуметтік әмиян» құралын енгізуді көздейді.
Қалай жұмыс істейді
АӘК пен ТКК алушыларға «QazaqGaz Aimaq» АҚ тарапынан газ төлеміне жеңілдіктер ваучері қолжетімді екендігі туралы SMS-хабарлама (1414 нөмірінен) жіберіледі.
Ваучерлерді eGov Mobile қосымшасының басты бетінде орналасқан «Әлеуметтік әмиян» сервисінде белсендіруге болады.
Белсендіру үшін «QazaqGaz Aimaq» АҚ абонентінің жеке есептік шотын көрсету жеткілікті — тұрғын үйге қатысты құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ.
Жеңілдік мөлшері
Жеңілдік орта есеппен газға есептелген соманың 27%-ына дейін жетеді. Ол әкімдіктер бекіткен тұтыну нормалары шегіндегі газ көлеміне қолданылады.
Жобаның мақсаты
әлеуметтік жағынан осал топтарға атаулы қолдау көрсету;
коммуналдық төлемдер бойынша отбасылық бюджетке түсетін жүктемені азайту;
әлеуметтік қолдау саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу.
Тауарлық газға цифрлық ваучерлерді енгізу әлеуметтік әділеттілікті арттыруға, мұқтаж азаматтар үшін энергия ресурстарына қолжетімділікті жақсартуға және Қазақстандағы цифрландыруды одан әрі ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.