Астана, 2025 жылғы 15 тамыз – «KAZENERGY» қауымдастығында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіндегі түзетулердің салаға ықпалы талқыланды. Кеңеске Энергетика министрлігінің өкілдері мен ірі мұнай компаниялары қатысты.
Басқосуға «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және басқа да компаниялардың өкілдері жиналды.
Негізгі талқылау тақырыбы – экспортталатын мұнайға ренталық салық пен пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты есептеу тәртібі қарастырылған 776-бап болды. Компания өкілдері салық есептеу әлемдік баға индикаторлары бойынша жүргізілгенімен, келісімшарттардағы нақты баға кейде едәуір төмен болатынын айтты. Мұндай жағдайда табыс азайса да, салық жүктемесі жоғары болып шығуы мүмкін.
Сондықтан қатысушылар әділ есептеу алгоритмін әзірлеуге ұсыныстар дайындап, оларды мемлекеттік органдармен бірлесе талқылауға уағдаласты.
Кездесу соңында нарыққа қатысушылар үшін түсінікті есептеу тетігін қалыптастыру және жаңа салық жағдайында саланың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін бірлескен сараптамалық топ құру туралы шешім қабылданды.
Мақсат – жаңа салық талаптарына бірқалыпты әрі түсінікті көшу.