«Ембімұнайгаз» АҚ компания табысының негізін қалаған ардагер қызметкерлерімен мақтанады. Солардың бірі – Алтықөл кен орындарының №1 бригадасы, №4 «Доссор» мұнай және газ өндіру цехының 5-разрядты мұнай және газ өндіру операторы, жалпы еңбек өтілі 42 жылды құрайтын Салтанат Елубайұлы Орынбасаров.
Салтанат Елубайұлы еңбек жолын 1981 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің «Мақатмұнай» өндірістік басқармасы Қомсомольск мұнай және газ өндіру цехында 2-разрядты мұнай және газ өндіру операторы болып бастаған.
Еңбек жолында ол мұнай жинау жүйесін өндірістік қайта құруға, автоматтандырылған топтық өлшеу қондырғыларын ауыстыруға, 15-тен астам құбыр жарылыстарын жоюға, құбыр желілерін жөндеу мен ауыстыру жұмыстарына тікелей атсалысты. Сондай-ақ, мұнайға қанық қабаттарды бөлу үшін «Про-Ямо» типті пакерлерді орнатуды қоса алғанда, заманауи технологияларды енгізді, мұнай бергіштікті қалпына келтіру және 1 600 метр тереңдіктегі пайдалану колонналарының саңылаусыздығын оқшаулау жұмыстарын жүргізді.
Салтанат Елубайұлы ұңғымалардың тұрақты жұмыс режимін қамтамасыз етуге үлкен жауапкершілікпен қарайды, өндірістік міндеттерді шешуге, жаңа жабдық орнатуға және жас мамандарды оқытуға белсенді қатысады. Оның жоғары кәсібилігі, біліктілігі және жұмысты шебер ұйымдастыра білуі әріптестерінің лайықты құрметіне ие етті.
Салтанат Елубайұлының кәсібіне адалдығы, еңбекқорлығы мен мол тәжірибесі – жас мұнайшылар үшін жарқын үлгі, «Ембімұнайгаздың» тұрақтылығы мен сенімділігінің символы.