ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Түркістан облысы мен Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды энергетикалық нысандарды аралап, 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық барысымен танысты.
Кентау қаласында Сұңғат Есімханов «Кентау сервис» МКК құрамына кіретін Кентау ЖЭО-5-ке барды. Сапар барысында вице-министр энергетикалық жабдықтардың қазіргі жағдайын қарап, кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізді. Кеңесте жөндеу науқанының барысы талқыланды. Биыл ЖЭО-да №5 және №6 қазандықтарға күрделі жөндеу, екі турбинаға ағымдағы жөндеу жоспарланған. Бүгінде №6 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталды, №5 қазандықта жұмыс жалғасуда, түтін мұржаларының монтажы аяқталған.
Сонымен қатар, Түркістан облысында вице-министр «ПГУ Туркестан» ЖШС-не барып, жалпы қуаты 1000 МВт-қа дейін жететін маневрлік режимдегі бу-газ қондырғысы негізіндегі электр станциясының құрылыс жобасымен танысты. «ПГУ Туркестан» ЖШС басқарма төрағасы Қуаныш Бектеміров пен Doosan Enerbility компаниясының өкілі жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндама жасады. Вице-министр сондай-ақ құрылыс алаңдарын, логистикалық және қойма инфрақұрылымын аралап, әлемнің түкпір-түкпірінен жеткізіліп жатқан жоғары технологиялық жабдықтарды қабылдау жұмыстарын бақылады.
Бұдан бөлек, вице-министр Шымкент қаласындағы «3-Энергоорталық» АҚ-ға барып, жылыту маусымына дайындықпен танысты. Негізгі жабдықтарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының мерзімі мен көлемінің сақталуына, технологиялық бұзушылықтар мәселесіне, генерациялау қуаттарының жұмыс істеуіне және жылу энергетикалық жабдықтардың жұмысымен байланысты тәуекелдерге ерекше назар аударылды.
Жұмыс сапары ҚР Энергетика министрлігінің 2025–2026 жылғы жылыту маусымының тұрақты әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.