Вице-министр Доңға кен орнына барды

Вице-министр Доңға кен орнына барды

ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Доңға кен орнында болды.

2025 жылғы 31 шілдеде Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, Түпқараған ауданында орналасқан Доңға кен орнының қызметімен танысты.

Сапар аясында вице-министр кен орнындағы негізгі өндірістік нысандарды аралады. Атап айтқанда, мұнайды дайындау және айдау цехы (МДАЦ), жаңа компрессорлық қондырғыны іске қосу кезеңі, теңіз суын жинау пункті және кәсіпорынның энергетикалық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін газ турбиналық қондырғының жұмысы көрсетілді.

Сонымен қатар, вице-министр Dunga Operating GmbH компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында компанияның бас директоры Нұржан Абдрахманов Доңға жобасының қазіргі жұмысы мен болашақ даму жоспарлары жайында презентация ұсынды.

Кен орнын аралау – елдегі стратегиялық маңызы бар энергетикалық жобалардың жүзеге асырылуына мемлекеттік бақылау жасаудың маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.