Оралда КПО стратегиялық мақсаттарына арналған форум өтті: басымдық – отандық өндірушілерге

Оралда КПО стратегиялық мақсаттарына арналған форум өтті: басымдық – отандық өндірушілерге

2025 жылғы 30 шілдеде Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қарашығанақ жобасын дамыту және мұнай-газ саласындағы сатып алуларда жергілікті қамту үлесін арттыру бастамаларын ілгерілету аясында Орал қаласында ұйымдастырылған «КПО стратегиялық мақсаттарын іске асыру» өңірлік инвестициялық форумына қатысты.

Вице-министр өз сөзінде ірі мұнай-газ жобаларында ел ішіндегі құндылықты дамыту жүйесін тиімді қалыптастыру бойынша Энергетика министрлігі жүргізіп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Отандық тауар, жұмыс және қызмет өндірушілерді қолдаудағы маңызды қадамдардың бірі — Қарашығанақ жобасы бойынша тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі жергілікті қамтуды дамытудың бес жылдық бағдарламасының бекітілуі болды. Бағдарламада жергілікті қамту үлесін арттыруға бағытталған нысаналы индикаторлар, сондай-ақ ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау, «инвестицияға айырбас келісімшарттары» және өндірісті жергіліктендіру сияқты отандық өндірушілерді қолдау құралдарын енгізу қарастырылған.

Сонымен қатар, КПО тендерлеріне қазақстандық компаниялардың қатысуын кеңейту мақсатында Тендерлік рәсімдерге өзгерістер енгізіліп, нақты көрсеткіштерді бекіту мен отандық мұнай-газ жабдықтарын өндірушілердің қолжетімділігін жеңілдетуге баса назар аударылды.

Сондай-ақ, бұған дейін КПО мен отандық тауар, жұмыс жеткізушілері арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарды нақты келісімшарттарға айналдыру, өндірісті жергіліктендіру мәселелерін белсенді пысықтау, жергілікті инжинирингтік компанияларды басым пайдалану және азық-түлік өнімдерін жергілікті өндірушілерден толық көлемде сатып алуды қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды.

Вице-министр өз сөзінде тауарлар, жұмыстар және қызметтердің әлеуетті жеткізушілерінен өтініш қабылдау сәтінен бастап тиісті Шарт жасалғанға дейінгі процестерді қамтитын электрондық сатып алу жүйесі — E-procurement-ті толық енгізу жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ, ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті қамтуды ұлғайту және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2025 жылғы қыркүйек айында елдегі мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған кезекті форум және үш ірі оператор сатып алатын мұнай-газ жабдықтарын таныстыруға арналған Ашық есік күні өтетіні жарияланды.

Сөзінің соңында вице-министр Қарашығанақ жобасы аясында жергілікті қамтуды одан әрі дамыту, яғни тауарлар, жұмыстар және қызметтердегі ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру, жаңа өндірістер ашу немесе қолданыстағыларын жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мұнай-газ саласы үшін аса қажет өнімдерді жергіліктендіру қажеттігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.