Президенттің бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек еңбек пен шеберлікті мойындау ғана емес, сонымен қатар еліміздің индустриялық тарихын әулеттердің қолымен жазылып жатқанын ашық айту мүмкіндігі. Осындай әулеттердің бірі – Кенжеәлиевтер-Сүлейменовтер отбасы. Олардың мұнай-газ саласындағы жалпы еңбек өтілі 210 жылдан асады. Бүгінде ата жолын төртінші ұрпақ өкілі – инженер Асылхан Кенжеәлиев жалғастырып келеді.
Қазіргі таңда Асылхан – еліміздің мұнай тасымалдау саласындағы жетекші компаниясы – «ҚазТрансОйл» АҚ-ның пайдалану департаментінде инженер болып жұмыс істейді. Ол бұл саладағы еңбек жолын Б. Жұмағалиев атындағы мұнай айдау станциясында оператор қызметінен бастаған. Алғашқы күндерден-ақ ол жауапкершілік пен тәртіпті ғана емес, ең бастысы – отбасылық іске деген саналы көзқарасын көрсете білді. Асылхан үшін мұнай – жай ғана мамандық емес. Бұл – отбасы тарихы.
Кенжеәлиевтер–Сүлейменовтер әулеті – қазақстандық мұнай саласындағы ең көне еңбек әулеттерінің бірі. Екі ғасырдан астам жиынтық еңбек өтілі бар бұл отбасы – төрт ұрпақ бойы жер қойнауымен, ірі кен орындарымен, зауыттармен және бұрғылау алаңдарымен байланысты. Бұл әулеттің тарихында – өндіріс директоры, бас механик, эколог, оператор, еңбекті қорғау бойынша үйлестіруші және слесарь бар.
Асылханның арғы атасы – Әбіш Сүлейменұлы Сүлейменов – қазақстандық мұнайдың алғашқы ізашарларының бірі. Ол Терең-Өзек кен орнын ашып, бұрғышыдан бастап басшылық қызметке дейін көтерілген. Асылханның әкесі – Айтбай Кенжеәлиев – АНПЗ бен «Доссормұнайгаз» жүйесінде механик болып 40 жылға жуық еңбек еткен. Анасы – Айжарық Русланқызы – 43 жыл бойы саланың экологиялық қауіпсіздігімен айналысып, еңбек жолын «Ембімұнайдан» бастап, Каспий Құбыр Консорциумына дейін жалғастырған.
Кенжалиевтер–Сүлейменовтер әулетінің тарихы – жай ғана отбасылық дәстүр емес. Бұл – білім мен тәжірибенің сабақтастығы, еңбекке деген құрмет пен тәртіптің үлгісі. Бір әулеттегі екі ғасырдан астам жиынтық еңбек – саланың тұрақтылығының айғағы. Жұмысшы мамандықтар жылында мұндай әулеттер – тек саланың мақтанышы ғана емес, бүкіл ел үшін үлгі.