«Самұрық-Энерго» ЖЭО-ларды жаңғыртуды және жаңа генерациялық қуат көздерін салуды жандандыруда

«Самұрық-Энерго» ЖЭО-ларды жаңғыртуды және жаңа генерациялық қуат көздерін салуды жандандыруда

Астана, 2025 жылғы 25 шілде – Энергетика министрлігінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның қызметі мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте компанияның 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындылары мен инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы қаралды.

«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовтың айтуынша, компания өндірістік көрсеткіштердің өсімін көрсетіп отыр. Алты айда электр энергиясын өндіру көлемі 20,5 млрд кВт/сағатты, көмір сату көлемі – 21 млн тоннаны құрады. 2025 жылы жөндеу науқандары мен активтерді жаңғыртуға салынған инвестициялар 216 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Бұл жабдықтардың техникалық дайындығын арттыруға және жоспардан тыс тоқтап қалу санын азайтуға мүмкіндік берді.

Компанияны дамытудың бағдарламасы аясында бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Екібастұз ГРЭС-2-де жаңа энергоблоктар салу, Алматыдағы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3-ті газға көшіру арқылы жаңғырту, сондай-ақ Көкшетауда жаңа ЖЭО салу жобалары қолға алынған. Сонымен қатар, компания жаңартылатын энергия көздері мен гидроэнергетика саласындағы жобаларды да іске асыруда. Олардың қатарында Шүлбі ГЭС-ын кеңейту және жаңа станциялар салу жобалары бар.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жоспарланған жұмыстарды уақытылы орындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Үкімет барлық жобалар бойынша кестелердің қатаң сақталуын күтеді. Алматы энергия торабының жаңғыртылуы мен өңірлердегі жаңа қуаттардың іске қосылуы – елдің энергетикалық жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін басты міндеттердің бірі. Министрлік жобалардың орындалу барысын үнемі бақылауда ұстайтын болады», — деді ведомство басшысы.