Астана, 2025 жылғы 21 шілде — ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Мариам Квривишвилимен кездесті. Грузия делегациясының ресми сапары аясында өткен бұл жиында энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Басқосуда Ерлан Ақкенженов әріптесін жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның басшылығымен екі ел арасындағы экономикалық қатынастар жаңа серпін алатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін білдірді. Министрлер энергетика саласындағы өзара әрекеттесуді экономикалық тұрақтылықтың тірегі және өңірлік ықпалдастықтың маңызды факторы ретінде атап өтті.
Еліміздің бас энергетигі қазақстандық көмірсутектерді жеткізу бағыттарын әртараптандыруда Грузияның стратегиялық маңыздылығына тоқталды.
«Біз Грузия елінің көлік инфрақұрылымының сенімділігі мен тұрақтылығын жоғары бағалаймыз. 2024 жылы Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,4 миллион тонна отандық мұнай тасымалданды. Ал биыл тасымал көлемін 1,5 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ кездесуде Грузиядағы қазақстандық активтердің қазіргі қызметі мен оларды дамытудың перспективалық бағыттары жөнінде пікір алмасты. Атап айтқанда, Батуми теңіз порты мен Батуми мұнай терминалының өңірлік логистикадағы маңызы сөз болды.
Сұхбаттастар «жасыл» энергетика саласындағы ірі жобаларға да ерекше тоқталды. Тараптар Қазақстанның Әзербайжан және Өзбекстанмен бірлесіп іске асырып жатқан Транскаспий дәлізі жобасы мен Грузияның Қара теңіз арқылы жоғары кернеулі кабель тарту жобасының ықпалдасу мүмкіндіктерін талқылады. Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын бірыңғай энергетикалық артерияны қалыптастыруға деген қызығушылықтарын білдірді.
Кездесу соңында тараптар энергоресурстарды тасымалдаудың тиімділігін арттыру және өңірлік энергетикалық қауіпсіздікті нығайту мақсатында белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты. Екі ел де ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікке бейіл екендіктерін жеткізді.