Үкіметте энергетика саласының жартыжылдық жұмысы қорытындыланды: оң динамика байқалады

Үкіметте энергетика саласының жартыжылдық жұмысы қорытындыланды: оң динамика байқалады

Астана, 2025 жылғы 15 шілде — ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы отын-энергетика кешенінің негізгі даму көрсеткіштері туралы есеп берді.

Министрдің айтуынша, саланың негізгі бағыттары бойынша оң динамика байқалады. Бұл ел экономикасының өсімі мен тұрақтылығын көрсетеді.

Мұнай өндіру саласында айтарлықтай өсім бар. Айталық, «қара алтын» өндіру көлемі 49,9 млн тоннаны құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға артты. Сонымен қатар экспорт көлемі де 39,6 млн тоннаға жетіп, 11,9%-ға өсті. Болжам бойынша, жыл соңына дейін мұнай өндіру көлемі 96,2 млн тоннаға, ал экспорт көлемі 70,5 млн тоннаға жетеді деп күтілуде.

Газ саласында да оң үрдіс байқалады. Газ өндіру көлемі 2,6%-ға өсіп, 34,6 млрд м³ құрады. Ішкі нарық толықтай тауарлық газбен қамтамасыз етілді – оның тұтыну көлемі 11,5 млрд м³ болды. Сонымен бірге, еліміздің транзиттік әлеуеті де артуда. Қазақстан аумағы арқылы газ транзитінің көлемі 8,5%-ға көбейген.

Қосылған құны жоғары өнім өндіру мен терең өңдеуді дамытуға ерекше назар аударылуда. Алты айдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдері өндірісі 7,6 млн тоннаға жетіп, 10,8%-ға артты. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 12,5%-ға өсіп, 382 мың тоннаны құрады.

Тұтынушыларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету және «жасыл» технологияларды кезең-кезеңімен дамыту қамтамасыз етілуде. Электр энергиясының жалпы өндірісі 62,2 млрд кВтс-ты құрап, 3,3%-ға өсті. Сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) өндірілген электр энергиясы 7,2%-ға артып, 4,2 млрд кВтс-қа жетті.

«Барлық негізгі көрсеткіштер тұрақты бақылауда. Министрлік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саланың тұрақты дамуы бойынша жүйелі жұмысты жалғастырады», — деді Ерлан Ақкенженов.