Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қытайдың CNPC корпорациясы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ және Ақтөбе облысының әкімдігі арасында карбамид зауытының құрылысын көздейтін инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде негіздемелік келісімге қол қойылды.
Аталған жоба мұнай-газ химиясы саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ең ірі бірлескен кәсіпорындардың бірі болмақ. Бұл стратегиялық әріптестіктің жарқын үлгісі ретінде ел экономикасын әртараптандыруға, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған.
Құжатқа қол қою – жобаны іске асыруға қатысты негізгі мәселелер бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың заңды жалғасы: шикізатпен қамтамасыз ету, жобалық алдындағы кезеңді аяқтау, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуді бастау және «Ақтөбе» АЭА аясында жер телімін бөлу.
Зауыт Ақтөбе облысында, Жаңажол газ өңдеу зауытының (ЖГӨЗ) маңында салынады. Шикізатпен қамту осы ЖГӨЗ базасында жүргізіледі және жылына 600 млн м³ дейін тауарлық газ жеткізіледі деп жоспарлануда. Зауыттың жобалық қуаты – жылына 800 мың тоннаға дейін карбамид өндіру. Жалпы инвестиция көлемі – 1,25 млрд АҚШ доллары. Жобаны іске асыру мерзімі – 2024–2029 жылдар.
Құрылыс кезеңінде 3 000-ға дейін, ал пайдалану кезеңінде 400-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жоба «Ақтөбе» АЭА құрамына енгізілген. Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп тыңайтқыштың агротексерістері еліміздің төрт өңірінде жүргізілді.
«Карбамид» жобасын іске асыру – отандық газ химиясын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге елеулі үлес болмақ.