АСТАНА, 2025 жылғы 9 шілде – ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс елорда тұрғындарымен есептік кездесу өткізіп, энергетика, газдандыру және жанар-жағармаймен қамтамасыз ету салаларындағы негізгі нәтижелер мен басымдықтарды таныстырды.
Өз сөзінде Вице-министр министрліктің басты күш-жігері мұнай-газ және энергетика кешенін дамытуға, тұрақты жылу және электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ газдандыру мен халықты мұнай өнімдері және сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету жобаларын іске асыруға бағытталғанын атап өтті.
Жылу және электр энергетикасын дамыту
Министрлік Астана қаласындағы жылу және электр желілерін жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Қалада орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағында ЖЭО-1, ЖЭО-2 және 6 аудандық қазандық жұмыс істейді. Қала бойынша орнатылған электр қуаты – 622 МВт, жылу қуаты – шамамен 2971 мың Гкал/сағ. «Астана РЭК» АҚ 6,5 мың км-ден астам электр беру желісіне және 1800-ге жуық қосалқы станцияға қызмет көрсетеді.
ЖЭО-3 құрылысы
Маңызды жобалардың бірі – ЖЭО-3 құрылысы. Бүгінде жалпы қуаты 440 Гкал/сағ болатын 4 су жылыту қазандығы пайдалануға берілді. Жобаны толық аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланған.
Елорда газдандырылуы
Астана қаласын газдандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылдың басында газдандыру деңгейі 14,1%-ды немесе 216 мың тұрғынды қамтыды. 2024–2025 жылдары газ құбырының III кезеңінің құрылысына республикалық бюджет пен «Самұрық-Қазына» АҚ қаражатынан 27 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Алдағы жылдары Қирпичный, Өндіріс, Казгородок және Garden Village секілді жаңа тұрғын алаптары газбен қамтылады.
ЖЖМ және СҰГ қамтамасыз ету
Қалада жанар-жағармай қоры жеткілікті: Аи-92 бензині – 39 күнге, дизель отыны – 39 күнге жетеді. Министрлік әкімдік пен монополияға қарсы органдармен бірлесе отырып, баға мен логистика бойынша тұрақты мониторинг жүргізеді. Ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында кейбір мұнай өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынған.
Астанада сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасы – литріне 102 теңге. Қалада 6 газ толтыру станциясы және 73 автомобильге арналған газ құю бекеті жұмыс істейді.
Цифрландыру және кері байланыс
Вице-министр азаматтардың барлық өтініштері «Е-өтініш» электронды платформасы арқылы қабылданып, өңделетінін, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жүзеге асырудың бір бөлігі екенін айтты.
«Біз азаматтармен тікелей диалогқа үлкен мән береміз. Кездесуде көтерілген барлық мәселе назарға алынады. Министрлік елорда тұрғындарының мүддесі үшін энергетикалық инфрақұрылымды тұрақты дамыту жұмысын жалғастыра береді», — деп түйіндеді Бақытжан Ілияс.