НИНБО, Қытай Халық Республикасы, 2025 жылғы 27 маусым — Екіжақты ынтымақтастықты тереңдету аясында Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Қытай Халық Республикасының Ұлттық энергетикалық басқармасы басшысының орынбасары Жэнь Цзиндунмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің Бесінші кеңесінің қорытындыларын талқылады. ШЫҰ аясында энергетиканың қазіргі жай-күйі мен орнықты дамуының келешегі атап өтіліп, энергетикалық қауіпсіздік, энергетикалық инфрақұрылымды қорғау, инвестициялық өзара іс-қимыл және әділетті энергетикалық көшу сияқты бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы айтылды.
Делегация басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің энергетиканы орнықты дамыту жөніндегі Бірлескен мәлімдемесінің жобасын мақұлдап, оны белгіленген тәртіппен қарауға ұсынуды ұсынды, сондай-ақ Қазақстан тарапынан ұсынылған 2030 жылға дейінгі Энергетикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жөніндегі Жол картасы жобасы бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.
Министрлер кеңесінің көпжақты өзара іс-қимыл үшін тиімді алаң ретіндегі рөлі ерекше аталып, Қытай тарапы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін ризашылық білдірілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар төмендегі бағыттарда бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілік бар екенін растады:
- «Жасыл» энергетика жобаларын дамыту және бірлескен R&D- орталықтарын құру;
- газ саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, оның ішінде өңдеу және экспорт;
- Қытайдың озық технологияларын энергетиканы цифрландыру мен киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге енгізу;
- Қытай қаржы институттарының қатысуымен инвестицияларды жандандыру;
- энергетикадағы реттеуші және экологиялық стандарттарды үйлестіру.
Кездесу соңында вице-министр Б. Ілияс жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу мен отын-энергетика кешенінің негізгі салаларындағы синергия Қазақстан мен Қытай арасындағы ұзақ мерзімді орнықты ынтымақтастықтың берік негізін қалайды деген сенім білдірді.