ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қызылорда облысының мұнай-газ саласындағы негізгі нысандарын аралап шықты

ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қызылорда облысының мұнай-газ саласындағы негізгі нысандарын аралап шықты

2025 жылғы 26 маусымда Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек өңірдегі кен орындарында орналасқан бірқатар өндірістік нысандарды аралады.

Сапар барысында вице-министр «KAZPETROL GROUP» ЖШС және «ТузкольМунайГаз Оперейтинг» ЖШС кен орындарында, «Саутс Ойл» ЖШС-ның Қарағансай учаскесінде, сондай-ақ «БК «ҚазГерМұнай» ЖШС-ның УКПГ - 1,2 нысанында болды.

Хайыркелды кен орындары тобында Қ. Арымбек өндірістік нысандармен танысып, Оңтүстік Хайыркелды кен орнындағы жаңа қысу компрессорлық станцияны қарап шықты, сондай-ақ «KAZPETROL GROUP» ЖШС-ның вахталық қалашағын аралап өтті.

Қарағансай учаскесінде вице-министр елімізде алғаш рет жүзеге асырылатын, ұзындығы 1 000 метр болатын көлбеу ұңғымада көпсатылы гидрожару жұмыстарын жүргізуге дайындық барысымен танысты. Сапар барысында гидрожару жұмыстарына арналған заманауи флот пен осындай күрделі жұмыстарды атқаруға қажетті жабдықтар көрсетілді. Вице-министр мұндай жобаларды дамытудың Қазақстанның мұнай-газ саласының орнықты өсуі үшін маңызды бағыт екенін атап өтті.

Батыс Тұзкөл кен орнында вице-министр Батыс Тұзкөл мен Ақшабұлақ кен орындарын байланыстыратын кәсіпаралық газ құбырының құрылысы барысымен танысты. Аталған жобаның іске асырылуы ілеспе мұнай газын кәдеге жарату көлемін ұлғайтуға және Тұзкөл кен орнын игеру тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сапардың соңында вице-министр Ақшабұлақ кен орнындағы газды дайындау қондырғысын қарап шығып, газ инфрақұрылымын пайдалану кезінде технологиялық стандарттарды сақтау маңыздылығын атап өтті.

Энергетика министрлігі өңірлік мұнай-газ жобаларының дамуын жер қойнауын пайдаланушылармен тығыз ынтымақтастықта сүйемелдеу және үйлестіру жұмыстарын жалғастыратын болады.