Алматы облысы, 2025 жылғы 26 маусым. Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Алматы облысының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында ол өңірдің отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы кеңінен айтып берді.
Кіріспе сөзінде вице-министр Энергетика министрлігі электр және жылумен қамту, газдандыру, мұнай өнімдері мен сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету сияқты негізгі бағыттарда мемлекеттік саясатты іске асырып жатқанын атап өтті.
Электр энергетикасы: тұрақты энергиямен қамтуды қамтамасыз ету
2025 жылдың алғашқы 6 айында облыстағы электр энергиясын өндіру көлемі 3,4 млрд кВт•сағ құрады, ал тұтыну көлемі 6,1 млрд кВт•сағ-тан асты. Негізгі генерация көздері – Алматы ЖЭО-3 және Мойнақ СЭС, олардың жалпы орнатылған қуаты 837 МВт. Өңірде дамыған электр тарату желісі жұмыс істейді: облыстық энергия компаниясының балансында 21,8 мың км желі және 4 526 трансформаторлық қосалқы станция бар. Халыққа электр энергиясын кепілді жеткізуші – «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС.
ЖЭК дамуы: республика бойынша екінші орын
Алматы облысы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) нысандарының қуаты бойынша Қазақстанда екінші орынды иеленеді. Қуаты 374,4 МВт болатын 10 жел, 8 шағын су және 6 күн электр станциясы жұмыс істейді. 2030 жылға дейін жалпы қуаты 75,7 МВт болатын тағы 12 ЖЭК нысанын, соның ішінде био және гидроэлектр станцияларын салу жоспарланып отыр.
Газдандыру: 1,2 миллионнан астам адам қамтылды
Өңірді газдандыру деңгейі 77,7%-ға жетіп, 1,2 миллионға жуық адам табиғи газға қол жеткізді. 2024 жылы 9 жобаны іске асыруға 2,4 млрд теңге, ал экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша Үкімет жоспары аясында қосымша 6,9 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 27 мың адам газға қосылды. 2025 жылдың соңына дейін тағы 10 мың адамды қамтитын 3 елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр.
Отынмен қамтамасыз ету: дизель және сұйытылған газ
А. Жамауовтың айтуынша, көктемгі егіс науқанына дайындық аясында өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілеріне 4,7 мың тонна дизель отыны бөлінді, оның 3,4 мың тоннасы немесе 72%-ы жеткізілді. Өңірдің дизель отыны мен бензинге қамтылу деңгейі орта есеппен 42–46 тәулікке жетеді.
Сондай-ақ вице-министр сұйытылған мұнай газына (СНГ) деген сұраныстың артуын оның салыстырмалы түрде төмен бағасымен байланыстырды. Облыста 227 автогаз құю станциясы бар. 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларында тұтыну көлемі шамамен 76 мың тоннаны құрады. Жеткізушілер – «ПетроҚазақстанОйл Продактс» ЖШС және «СНПС-Актобемунайгаз» АҚ.
«Кездесу барысында көтерілген барлық мәселелер Энергетика министрлігі мен Үкіметтің тұрақты бақылауында. Оларды уақтылы әрі тиімді шешу үшін барлық күш-жігерімізді салып жатырмыз», – деді вице-министр Әлібек Жамауов.
Сонымен қатар ол «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында азаматтардың өтініштерін біртұтас цифрлық платформа арқылы жолдауға мүмкіндік беретін «Е-өтінім» электрондық жүйесі іске қосылғанын хабарлады.
Кездесу соңында вице-министр тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, халықпен сындарлы диалог жалғасатынына сендірді.