НИНБО, Қытай Халық Республикасы, 2024 жылғы 26 маусым – Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің энергетика министрлерінің Бесінші кеңесіне қатысты. Іс-шара Қытайдың Нинбо қаласында, ҚХР Мемлекеттік энергетика басқармасының басшысы Ван Хунчжидың төрағалығымен өтті.
– Энергетика – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерді байланыстыратын негізгі салалардың бірі. Біз – энергия ресурстарының ірі өндірушілері, транзиттік елдері және тұтынушылары бірлесе жұмыс істейміз. Әлемдік сын-қатерлер жағдайында тұрақты энергетикалық болашақ үшін үйлесімді әрекет пен ортақ шешімдер аса маңызды, – деп атап өтті ҚР Энергетика министрінің орынбасары.
Ол Қазақстанның 2024 жылғы ШЫҰ-ға төрағалығы аясында 12 мемлекеттің өкілдері қатысқан Энергетикалық форумның сәтті өткенін айтты. Оның маңызды нәтижесі ретінде Астанада өткен саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ШЫҰ мемлекеттерінің 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясының қабылданғанын атап өтті. Құжат мұнай-газ және көмір өнеркәсібінен бастап жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен энергия үнемдеуге дейінгі негізгі бағыттарды қамтиды.
Вице-министр Қазақстанның дәстүрлі және төменкөміртекті энергетиканы теңгерімді дамыту жөніндегі ұлттық басымдықтарын таныстырды. Халықаралық серіктестік, инфрақұрылымды жаңғырту, әділетті энергетикалық көшу және инвестиция тарту – басты назарда.
Б. Ілияс Қазақстанның 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізу жоспары туралы хабардар етті. Осыған орай, COP-29 конференциясында Қытай және Біріккен Араб Әмірліктерімен жалпы құны 3,7 млрд АҚШ долларына бағаланған ЖЭК жобаларын іске асыру туралы келісімдерге қол қойылғанын, сондай-ақ Әзербайжан және Өзбекстанмен жасыл энергияны экспорттау бойынша стратегиялық әріптестік орнағанын атап өтті.
Сондай-ақ Бақытжан Ілияс энергетика саласындағы цифрландыру, ғылым, білім беру және кадр даярлау бағыттарының дамуының маңыздылығына тоқталды. Қазақстан ШЫҰ елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарының ынтымақтастығын жандандыруды, адами капитал мен озық технологияларды дамытуға инвестиция салуды ұсынады.
– Тек өзара сенімді нығайту, біліммен алмасу және келісілген іс-қимылдар арқылы біз ШЫҰ кеңістігі үшін орнықты, қауіпсіз және баршаға қолжетімді энергетикалық болашақты қамтамасыз ете аламыз, – деді ҚР Энергетика вице-министрі.
Қазақстан энергетика саласындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыру үшін ШЫҰ елдерімен стратегиялық әріптестік рухында практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.