Жасыл сутегі қалай өндіріледі және ол энергияға қалай айналдырылады?

Жасыл сутегі қалай өндіріледі және ол энергияға қалай айналдырылады?
Жасыл сутегі су электролизі әдісімен өндіріледі — бұл үдерісте су (H₂O) электр тогының әсерінен сутегіге (H₂) және оттекке (O₂) бөлінеді. Егер электролиз үшін күн, жел немесе басқа да жаңартылатын көздерден алынған энергия пайдаланылса, өндірілген сутегі «жасыл» деп аталады, себебі бұл кезде көміртек шығарындылары болмайды.
 
Алынған сутегі:
•электр және жылу өндіру үшін отын элементтерінде қолданылуы мүмкін;
•өндірістік қондырғыларда немесе газ турбиналарында жағылады;
•химия өнеркәсібінде, көлік саласында және металлургияда дәстүрлі энергия көздеріне көміртексіз балама ретінде пайдаланылады.
 
Бұл технология қаншалықты қымбат?
 
Бүгінде жасыл сутегі өндіру «сұр» сутегімен (табиғи газдан) немесе «көк» сутегімен (CO₂ ұстап қалу технологиясымен) салыстырғанда едәуір қымбат. Оның негізгі себептері:
•электролизерлердің жоғары құны;
•сақтау және тасымалдау инфрақұрылымының дамымауы.
 
Дегенмен, халықаралық сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы уақытта жасыл сутегінің өзіндік құны төмендеп, кейбір салаларда бәсекеге қабілетті болады.
 
Бұл технология қаншалықты қауіпсіз?
 
Сутегіні өндіру және пайдалану — техникалық тұрғыдан жақсы зерттелген және қатаң қауіпсіздік талаптарына бағынады. Бұл жағынан ол табиғи газ немесе сұйытылған газ секілді басқа энергия көздерінен кем емес.
 
Қазіргі технологиялар сутегіні:
•сығылған немесе сұйық күйінде қауіпсіз сақтау,
•құбырлар немесе арнайы контейнерлер арқылы тасымалдау,
•өндірістік және тұрмыстық жағдайда қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
 
Қазақстан неге жасыл сутегіне басымдық береді?
 
Қазақстан үшін жасыл сутегіні дамыту:
•экономиканы әртараптандыру құралы;
•2060 жылға қарай көміртексіздікке қол жеткізудің жолы;
•ЖЭК әлеуетіне негізделген жаңа жоғары технологиялық саланы дамыту мүмкіндігі;
•тұрақты даму жөніндегі жаһандық күн тәртібіне кірігу құралы.
 
Сонымен қатар, сутегі технологиялары елдің энергетикалық тұрақтылығы мен тәуелсіздігін ұзақ мерзімді перспективада арттыра алады.
 
Жасыл сутегі Еуропаға қалай жеткізіледі?
 
Қазақстан Еуропалық Одақ және басқа елдермен сутегі мен аммиак экспорттау мәселелері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл бағытта Hyrasia One секілді ірі жобалар мен Германия–Қазақстан сутегі диалогы шеңберіндегі бастамалар аясында жұмыс атқарылуда.
 
Жасыл сутегі дәстүрлі энергия көздеріне балама бола ала ма?
 
Жасыл сутегі барлық энергия көздерінің орнын баса алмайды, бірақ ол:
•металлургия мен химия секілді кейбір өндірістік үдерістерде көмір мен табиғи газды алмастыра алады;
•батареяларды қолдану мүмкін емес көлік түрлеріне (әуе тасымалы, кеме қатынасы, жүк көлігі) отын ретінде жарамды;
•жаңартылатын энергиядан алынған қуатты сақтау құралы бола алады.
 
Ол басқа таза энергия көздеріне бәсекелес емес, қайта оларды толықтыратын шешім ретінде қарастырылады, әсіресе тікелей электр қуатын пайдалану мүмкін емес жағдайларда.
 
Болашақта жасыл сутегі энергия балансында қандай рөл атқара алады?
 
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (IEA) бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай сутегі:
•жаһандық энергия сұранысының 10–15%-ын,
•ауыр өнеркәсіп немесе жүк тасымалы секілді салаларда 25%-ға дейінгі бөлігін қамтуы мүмкін.
 
Қазақстан үшін бұл көрсеткіштер инвестиция көлеміне, технологиялық енгізу қарқынына және экспорт инфрақұрылымын дамыту деңгейіне байланысты болады.
 
Егер біз АЭС дамытсақ, неге жасыл сутегі де қажет?
 
Атом электр станциялары мен жасыл сутегі бір-бірін жоққа шығармайды, керісінше толықтырады.
 
АЭС — тұрақты базалық электр энергиясын береді, ал жасыл сутегі:
•жаңартылатын энергиядан алынған қуатты жинақтауға мүмкіндік береді;
•таза экспорт әлеуетін кеңейтеді;
•өнеркәсіп пен көліктегі көміртекті үдерістерді алмастыра алады.