АСТАНА, 2025 жылғы 23 маусым – Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің еңбегі атап өтілді. Мемлекеттік қызметші күні қарсаңында өз ісіне адалдығымен және жоғары нәтижелерімен ерекшеленген үздік мамандар марапатталды.
Іс-шара жылы әрі салтанатты атмосферада өтті. Министр Ерлан Аккенженов әріптестеріне жеке алғысын білдіріп, бүкіл саланың тұрақты жұмысы – әрбір қызметкердің адал еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.
«Әрбір табысты жобаның, әрбір есеп пен көрсеткіштің артында сіздер — біздің мамандар тұрсыздар. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз – энергетика саласындағы маңызды мемлекеттік бастамалардың негізі. Сіздерге атқарған жұмыстарыңыз бен жанқиярлықтарыңыз үшін шын жүректен алғыс білдіремін!» – деді министр Ерлан Аккенженов ұжымға арнаған сөзінде.
Ардагерлерге ерекше құрмет көрсетілді. Пайдалы қазбаларды пайдалану басқармасының бас сарапшысы Болат Молдабаевич Күшкімбаев көпжылдық адал еңбегі үшін «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
Саланың негізгі бағыттарын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін төмендегі марапаттар табысталды:
«Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен:
•Алексей Анисимов, Цифрландыру департаментінің директоры;
•Гүлназ Қарыбаева, Құжаттамамен қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы;
•Гүлжан Күселбаева, Цифрландыру департаментінің бас сарапшысы;
•Әсел Жақупова, Газ өнеркәсібі департаментінің бас сарапшысы;
•Ильяс Сагатович, Мұнай өндіру және өңдеу департаментінің бас сарапшысы.
«Электр энергетика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен:
•Күләш Жақупова, Бюджет департаментінің бас сарапшысы;
•Аян Заманкебов, Электр энергетикасын дамыту департаментінің бас сарапшысы.
«Құрметті энергетик» төсбелгісімен:
•Ақтоты Қасенова, Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің қызметкері.
Бұл күн мемлекеттік қызметке жаңадан қадам басқан жас мамандар үшін де ерекше болды. Олар салтанатты жағдайда ант беріп, халық пен мемлекет игілігі үшін адал қызмет етуге уәде берді.
Барлығы 17 министрлік қызметкері Құрмет грамоталары және Алғыс хаттармен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі барлық мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, табыстар, күш-жігер және ел игілігі жолында жаңа жетістіктер тілейді!